Қазақстан интернетті өшіргеннен 410,3 млн долларға шығынға батқан

0
938

16 млн-ға жуық қазақстандық интернеттің жоқтығынан зардап шекті.


Қазақстан интернетті өшіргеннен 410,3 млн долларға шығынға батқан

ERNUR.KZ. 2022 жылы Қазақстан интернетті өшіргеннен 410,3 млн долларға шығынға батып, әлемдегі антилидерлердің үштігіне енді, деп жазады inbusiness.kz.

Top10VPN сарапшыларының мәліметінше, әлем бойынша былтыр 23 ел интернетті өшіруден зардап шеккен.

Рейтингті Ресей бастады. Бұл ел интернетті әдейі сөндіргеннен 21,59 млрд доллар жоғалтты. Екінші орын Иранға тиесілі (773 млн доллар). Антилидерлер үштігіне Қазақстан (410,3 млн доллар) енді.

Ресурстың жазуынша, рейтингке Қырғызстаннан басқа Орталық Азияның барлық елі кірген. Көршілес Қырғыз елінде интернеттің ауқымды ажыратылуы байқалмаған.

Былтыр Қазақстандағы интернет байланысы қаңтардағы наразылықтарға байланысты өшіріліп, 144 сағат интернет болмаған. Республиканың 16 млн-ға жуық тұрғыны интернеттің болмауынан зардап шекті.

Өзбекстан да айтарлықтай экономикалық шығынға ұшырап (219,7 миллион доллар), елде жалпы 5630 сағат интернет болмады. Сарапшылардың айтуынша, жазда Қарақалпақстандағы тәртіпсіздіктерге байланысты интернет өшірілген.

Рейтингте 10-орынды иеленген Түркменстанда 40 сағат интернет болмаған. Бұл ел экономикасына 29 млн доллар көлемінде залал келтірді.

Орталық Азия елдері арасында Тәжікстан ең аз шығынға ұшырады (2,1 млн доллар). Мұнда бір жылда интернет 936 сағатқа өшірілді. Тәжікстан билігі мамыр айында Таулы Бадахшан автономиялық облысында интернет беруді тоқтатты. Бұл "терроризмге қарсы операцияның" басталуымен тұспа-тұс келді. Интернет байланысы бір айдан кейін ғана қалпына келтірілген.