Қазақстан Қырғызстанмен арадағы құқық қорғау органдарына қатысты шартты тоқтатты

0
558

Бүгінде Қазақстанның қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнамасындағы елеулі өзгерістерге байланысты аталған шарттың ережелері ескірді.


Қазақстан Қырғызстанмен арадағы құқық қорғау органдарына қатысты шартты тоқтатты

ERNUR.KZ. «Қазақстан Республикасының Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы аумағына құқық қорғау және арнаулы органдары қызметкерлерінің келу тәртібі мен өзара іс-қимылдары туралы шартқа қатысушы болмау ниеті туралы» Президенттің 2023 жылғы 26 сәуірдегі №230 Жарлығына түсіндірме берілді, деп жазады inform.kz.

Оған сүйенсек, 1997 жылғы 8 сәуірде Қазақстан Республикасы қылмыстарды анықтауға, ашуға және тергеп-тексеруге жәрдемдесу мақсатында Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы аумағына құқық қорғау және арнаулы органдары қызметкерлерінің келу тәртібі мен өзара іс-қимылдары туралы шартқа қол қойған.

Бүгінде Қазақстанның қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнамасындағы елеулі өзгерістерге байланысты аталған шарттың ережелері ескірді.

Бұған қоса, бұрын оны іске асыруға уәкілеттік берілген Қазақстан Республикасының ведомстволары (Мемлекеттік тергеу және Мемлекеттік кеден комитеттері) таратылды.

Оның үстіне, шартта көзделген осы саладағы ынтымақтастық Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде жасалған басқа халықаралық келісімдермен:

- ТМД-ға мүше мемлекеттердің аумақтарында құқық қорғау органдары қызметкерлерінің болуы мен өзара іс-қимыл тәртібі туралы шартпен (2000 жылғы 28 сәуірдегі № 44-II ҚР Заңымен ратификацияланған);

- ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің адамдарды мемлекетаралық іздестіру туралы шартымен (2013 жылғы 16 қазандағы № 135-V ҚР Заңымен ратификацияланған);

- ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің адамдарды мемлекетаралық іздестіруді жүзеге асыру жөніндегі құзыретті органдарының регламентімен (ТМД үкімет басшылары кеңесінің 30.10.2015 жылғы шешімімен бекітілген) реттеледі.

Аталған шарттың қолданылуын тоқтату мәселесі қырғыз тарапымен келісілген және қылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы екіжақты ынтымақтастық үшін теріс құқықтық салдарға әкеп соқпайды.

Осыған байланысты «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Заңның 18-бабының 3-тармағына сәйкес Мемлекет басшысының Қазақстан тарапының аталған халықаралық шартқа қатысушы болмау ниеті туралы Жарлығы қабылданды.