Қазақстан мен Қырғызстанның шекара сызығы халықаралық құқықтық деңгейде бекітілді

0
2 291

Шекараны шегендеу нәтижесінде мемлекеттік шекара сызығының ұзындығы 1 257,07 шақырымды құрады


Қазақстан мен Қырғызстанның шекара сызығы халықаралық құқықтық деңгейде бекітілді

ERNUR.KZ. Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шартты ратификациялау» туралы заң жобасы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Екі ел арасындағы шекараны шегендеу туралы шартқа 2017 жылғы 25 желтоқсанда Астанада Қырғыз Республикасы мемлекеті басшысының Қазақстанға ресми сапары аясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жəне Қырғыз Президенті Сооронбай Жээнбеков қол қойды.

Шарттың басты мақсаты - Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекара сызығын халықаралық құқықтық деңгейде бекіту. Шекараны шегендеу нәтижесінде мемлекеттік шекара сызығының ұзындығы 1 257,07 шақырымды құрады. Шекара сызығында 1 055 шекаралық бағана орнатылды. Яғни, 533-ін Қазақстан тарапы, 522-сін Қырғызстан жағы қойды.

«Шарт мерзімсіз болып табылады әрі денонсациялауға жатпайды. Ал шарттың күшіне енуі Қазақстанның мемлекеттік шекарасының халықаралық құқықтық рәсімдеу процесін аяқтайды, Қырғызстанмен арада аумақтық дауды болдырмайды», - деді ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыттарының бірі - еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін мемлекеттік шекараны халықаралық құқықтық рәсімдеу. Талқылаудан кейін палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шартты ратификациялау» туралы Заңын қабылдады.