Қазақстан Ресей Федерациясының Президент сайлауына 203 бақылаушы жіберді

0
1 474

​Ресей Федерациясында 18 наурыз күні өткен Президент сайлауында Қазақстан Республикасынан 203 байқаушы бақылау жүргізді,-деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР Орталық сайлау комиссиясына сілтеме жасап.


Қазақстан Ресей Федерациясының Президент сайлауына 203 бақылаушы жіберді

Ресей Федерациясында 18 наурыз күні өткен Президент сайлауында Қазақстан Республикасынан 203 байқаушы бақылау жүргізді,-деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР Орталық сайлау комиссиясына сілтеме жасап.

Тәуелсіз мемлекеттер достастығы миссиясы құрамында 136 қазақстандық, Шанхай ынтымақтастық ұйымы миссиясынан - үш, сондай-ақ, ДИАҚБ/ЕҚЫҰ құрамында - 39 бақылаушы бар.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясынан бақылаушылар делегациясын Төраға Берік Имашев басқарады. Сонымен қатар, сайлауды бақылауға ҚР ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров, ҚР ОСК хатшысы Сәбила Мұстафина, ҚР ОСК мүшесі Зәуреш Баймолдина және Ортсайкомның аппарат қызметкерлері қатысуда.

Парламентаралық өзара әрекет шеңберінде Қазақстан Республикасы Парламенті атынан 25 бақылаушы, оның ішінде ТМД Парламентаралық Ассамблеясынан (6), ЕҚЫҰ Парламент Ассамблеясынан (10), ҰҚШҰ (2) және Мемлекеттік Дума мен Федерация Кеңесінің шақыруы бойынша (7) бақылаушы жұмыс жүргізуде.

Ресей тарапы бұл сайлауда Қазақстанның бақылаушылар саны бойынша алда келе жатқанын атап өтті.

Астана уақытымен 19 наурыз сағат 17:00-дегі мәлімет бойынша, дауыс беру бюллетендерінің 99,94% өңделіп, 76,68% дауыспен РФ-ның қазіргі президенті Владимир Путин жеңіп келе жатқаны айтылды.

Еске ала кетейік, 2018 жылғы Ресей президенті сайлауына қазір осы қызметте отырған Владимир Путинмен бірге Сергей Бабурин ("Российский общенародный союз" партиясынан), Павел Грудинин (Ресей Федерациясы коммунистік партиясынан), Владимир Жириновский (Ресей либерал-демократиялық партиясынан), Ксения Собчак ("Гражданская инициатива" партиясынан), Максим Сурайкин ("Коммунисты России" партиясынан), Борис Титов ("Партия роста" саяси ұйымынан) және Григорий Явлинский ("Яблоко" партиясынан) түскен еді.