Қазақстан тігін және аяқ киім өндірісі мамандарын даярлайды

0
1 932

Өндіріс қуаттылығы жылына 1,5 млн тігін өнімін жасап шығарады.


Қазақстан тігін және аяқ киім өндірісі мамандарын даярлайды

ERNUR.KZ. "Қазлегпром-Алматы" ЖШС Қазақстанның жеңіл өнеркәсібінің тігін және аяқ киім саласының ірі жоғары технологиялық өндірістік кәсіпорындарының бірі. Өндіріс ошағы нарықта 2011 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді, деп жазады baq.kz.

Зауыт өз жұмысын Қорғаныс министрлігі, ТЖМ және ішкі әскерлердің тапсырысы бойынша әскери киім-кешек шығарудан бастады. Содан кейін компания өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін арнайы киім өндірісін игерді. Кейінірек мұнда киімнің азаматтық желісі — классикалық костюмдер мен аяқ киім шығарыла бастады.

"Қазлегпром-Алматы" тігін өндірісінде киім жобалау бөлімі, кесіп дайындау цехы, тігін цехы және қосалқы цехтары бар. Өндіріс қуаттылығы жылына 1,5 млн тігін өнімін жасап шығарады. Фабрика өндіріс барысында ешқандай ақаусыз, сынақтардан өткен сапалы шикізаттарды қолданады. Көптеген сынақтардан өту жолында фабрика өнімдері сапа стандартына толығымен сай келеді.

Киім жобалау бөлімнің жұмыс барысы киім үлгілерінің дизайнын жасап, өндіріске дайындауға негізделген. Дизайнер, модельер-құрастырушы, технолог, тігіншілер бірлесе жұмыс жасайды. Тапсырыстарды қабылдап, тұтынушыға беру аралығынды өндіріс уақытын үнемдеу үшін "Gerber Technology", "AccuMark" сынды автоматтанған жобалау бағдарламаларын қолданады.

Өнімді әлемнің алдыңғы қатарындағы (Германия, Жапон, АҚШ) өндірушілердің заманауи, жоғары технологиялық құралдарымен тігін цехында құрастырып, шығарады. Олардың ішінен матаның барлық түріне кестелеп салатын 16 инелі, «Tajima» (Жапон) автоматты кесте машинасын айтуға болады.

Бұдан бөлек фабрикада үлгі жасау, кесу барысында шыққан қалдық мата қиындыларын қайта қолдану жұмысы жүргізіледі. Жасалынып шыққан өнімдер- жастықтар, төсеніштер, диванға арналған декоративті жұмсақ жастықтар, естелік бұйымдары үлкен сұраныста.

Аяқ-киім өндірісі жылына 500 000 жұп аяқ киім өндіру жобасымен фабриканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруда. Бұл бөлімде аяқ-киім жобалау, кесу, даярлау, табандау, қалыпқа келтіру, өкшесін жасау цехтары жұмыс істейді. Өндіру кезінде термотұрақты, су өткізбейтін, ауа өткізетін астарлар қолданылады.

Кесу цехында аяқ-киімнің матасы гидравликалық преспен кесілу кезеңінен басталады. Даярлау цехында аяқ-киім бөлшек құрамдарын жіп және желіммен біріктіру үрдісі жүргізіледі. Технологиялық үрдісті сапалы жасау, еңбек өнімін жоғарлату үшін заманауи "Pfaff" (Германия) автоматты машинасын қолданып, аз жұмысшы көп мөлшерде аяқ-киімнің үстіңгі бөлігін құрастыруда. Қалыпқа келтіру цехында аяқ-киімді құрастыру үрдісі жүргізіледі. Аяқ-киімнің тұмсығын қалыпқа келтіру үшін арнайы Италиялық "Cerim" машинасын қолданады. Жоғары өндірісті "Desma" (Германия) фирмасының машинасы өте берік, кез келген ауа-райына қолайлы, механикалық және химиялық әсерге төзімді полиуретаннан жасалған табандарды жабыстырып, шығарады.

Кәсіпорын цехтарында 400-ден астам адам жұмыс істейді. Кәсіпорын іске қосылған кезде маман тапшылығы болған еді. Қазір "Қазлегпром-Алматы" өз қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға және қызметкерлерді даярлауға баса назар аударады. Фабрика жанында "Шебер" оқу орталығы жұмыс істейді, оның базасында үш айлық курстар барысында тігін және аяқ киім өндірісінің мамандарын дайындайды. Фабрикада кәсіптік колледждер мен лицейлердің студенттері, сондай-ақ "Алматы қаласының халықты жұмыспен қамту орталығы"КММ-нің жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша қайта даярлаудан өтуге ниет білдірген басқа да мамандықтардың өкілдері тәжірибеден өтеді.