Қазақстанда 10 жылдан кейін тұщы су тапшылығы ең басты проблемалардың біріне айналады – эколог

0
637

Тимур Елеусізов Балқаш көлінің тартылып жатқанын айтып дабыл қақты.


Қазақстанда 10 жылдан кейін тұщы су тапшылығы ең басты проблемалардың біріне айналады – эколог

ERNUR.KZ. «Табиғат» экологиялық одағы төрағасының орынбасары, ECO FUND TABIGAT қорының төрағасы, эколог Тимур Елеусізовтің айтуынша, Балқаш көлін құтқаруға жедел күш салмаса аз ғана уақыт ішінде ол да Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін. Табиғат жанашыры 2019 жылы «Балқашты сақтайық!» ұранымен ауқымды «Ile BALKHASH FEST 2019» жобасын өткізген болатын, деп жазады Azattyq Ruhy.

Экологтың айтуынша, Балқаш көліне соңғы 15 жылдан бері кешенді зерттеу жүргізілмеген. Ал, 2012 жылдың өзінде көлдің беті теңіз деңгейінен 342,8 метрге төмендегені анықталған. Жалпы, соңғы 50 жылда Балқаштың суы айтарлықтай тартылып кеткен дейді маман. Оны тіпті, әуеден қарамай-ақ аңғаруға болады екен.
«Балқаш көлі құрдымға кетудің алдында тұр. Қазір көлдің орташа тереңдігі небәрі 6 метр. Бұл экологиялық апат. Ал, апатқа алып келген негізгі фактор – Іле өзені. Балқашқа құятын судың 80% осы Іледен келеді. Алайда, өзен суы қазір жол бойы басқа бағытта пайдаланылып, көлге небәрі «тамшы тамып жатыр». Мәселен, Іленің бойынша қазір ірілі-ұсақты 130-ға жуық гидростанция, 13 су қоймасы салынды. Сондай-ақ, Іленің суы Қапшағай су қоймасын толтыруға да пайдаланылып жатыр. Десе де, ең үлкен проблема Қытайдан туындап отыр. Өйткені, Іле бастауын сол елден алады. Ал, қытайлықтар өзен суын шектен тыс көп мөлшерде қолдануда. Яғни, Балқашты өлтіретін негізгі күш – адам болады», - дейді Т.Елеусізов.


Оның айтуынша, тұщу су проблемасы әлемде бар және ол жылдан жылға күрделеніп барады. Ал, Қазақстанда алдағы 10 жылда тұщы су қоры азайып, тұрғындар ауыз су тапшылығымен бетпе-бет келуі мүмкін. Қазірдің өзінде елде қуаңшылық проблемасы өршіп тұр. Жуырда ғана Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында дәл осы қуаңшылық салдарынан жүздеген бас мал қырылып қалған болатын.
«Балқаштың тартылуы бүкіл Қазақстанда экологиялық апат тудырады. Оның тұзы жүздеген, тіпті мыңдаған километрге ұшып, тау басындағы мұздықтарды ерітеді, яғни негізгі тұщы су қорынан айрыламыз. Ең бірінші кезекте, Алматы сусыз қалуы мүмкін», - деді эколог.
Оның айтуынша, Балқаштың маңайындағы облыстарда барлығы 3 млн адам тұрады. Көл тартылса жаппай миграция жүретіні анық. Қазірдің өзінде суға жақын орналасқан елдімекендерде тұрғындар онкологиялық ауруларға, тіс ауруларына жиі шалдығатын болған.
«Балқашты сақтап қалу үшін, бірінші, ауқымды зерттеу жұмысын жүргізу керек. Ғылыми қауымдастық құрып, нақты проблемаларды анықтап, оны шешу жолдарын дереу қолға алмаса болмайды. Бұл тек Қазақстанның проблемасы емес, көрші елдерге де қатысты. Екіншіден, Балқаштың маңайын көгалдандыру керек. Бұл, атмосферадағы ылғалдың булануын азайтады. Ең бастысы, суды мақсатты түрде ғана пайдаланып, бұл тұрғыда жаңа технологияларды қолданған жөн», - дейді «Табиғат» экологиялық одағы төрағасының орынбасары.
Айта кету керек, Қазақстан мен Қытай арасында су бөлу жөніндегі үкіметаралық келісім әліге дейін жоқ.