Қазақстанда 16 баладан Кавасакиге ұқсас синдром анықталды

0
617

Еліміздің Бас педиатры МҚС COVIND-19 жұқтырған балалар жаппай шалдығатын ауру емес екенін атап өтті.


Қазақстанда 16 баладан Кавасакиге ұқсас синдром анықталды

ERNUR.KZ. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметовтың кезекті брифингі өтті. Ол халықты еліміздегі эпидемиологиялық жағдай, карантиндік шараларды жеңілдету туралы хабардар етті, сондай-ақ Бас педиатр Риза Боранбаевамен мультисистемалық қабыну синдромы – Кавасаки синдромы туралы әңгімелесті, деп жазады zakon.kz.

Ресми өкілдің айтуынша, соңғы үш аптада Қазақстанда коронавирус инфекциясы мен пневмония ауруы бойынша жағдайы тұрақталды.

"3-9 тамыз аралығында 7 108 адам коронавирус инфекциясын жұқтырып, 222 адам қайтыс болған. 7 940 азамат пневмония жұқтырып, аталған аурудан 122 адам қайтыс болған еді. Ал 10-16 тамыз аралығында КВИ ПТР (+) диагнозы 3 995 адамда, КВИ ПТР (-) 5 344 адамда анықталды. Сәйкесінше 151 және 64 адам қайтыс болды. Соңғы аптада - 17-23 тамыз аралығында 1 685 адамда COVID-19, 4 138 науқаста пневмония расталды. КВИ ПТР (+) 108 адам және пневмониядан 40 азамат қайтыс болды", - деді Қожахметов.

Сонымен қатар, ол 24 тамыздан бастап елде карантиндік шектеулерді жеңілдету үрдісі жалғасып жатқанын еске салды, бірақ демалыс күндері – 29 және 30 тамызда локдаун сақталады.

"Бұл инфекцияның таралуын түбегейлі тоқтатып, ауруды барынша азайту үшін қажет", - деді ресми өкіл.

Брифингке бейне-байланыс арқылы еліміздің Бас педиатры, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының жетекшісі Риза Боранбаева қатысты. Ол COVID-19 ауруы балалар арасында көп тараған елдерде 2020 жылдың сәуір-мамыр айларында пайда болған мультисистемалық қабыну синдромы деп аталатын жаңа ауру туралы айтты.

"Балалар мен жасөспірімдерде кездесетін COVID-19-бен уақытша байланысты мультисистемалық қабыну синдромы - бұл COVID-19 инфекциясынан кейін болатын иммунологиялық құбылыс. Патология COVID-19 шалдыққан балаларда 3-5 апта өткен соң дамитын инфекциядан кейінгі синдром, ол қандағы антиденелерді анықтау арқылы көрінеді. МҚС-тің тағы бір атауы – Кавасакиге ұқсас синдром, өйткені ол Кавасаки ауруына клиникалық жобалас, бірақ белгілі бір айырмашылықтары бар - Кавасаки ауруы балаларда ерте дамиды, ал МҚС 21 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен жастарда да тіркеледі. Кавасаки ауруы бүкіл әлемде өте сирек кездеседі, Қазақстанда жыл сайын 2-5 жағдай анықталады", - деді Боранбаева.

Еліміздің Бас педиатры МҚС COVIND-19 жұқтырған балалар жаппай шалдығатын ауру емес екенін атап өтті. Тек кейбір балаларда Кавасаки ауруына ұқсас клиникалық белгілер байқалады, олар ауыр өтуі мүмкін. Сонымен қатар, MҚС-ті сәтті емдеу үшін ерте диагноз қою және терапияны уақтылы бастау маңызды.

"2020 жылғы 23 тамыздағы жағдай бойынша республикамызда 16 балалаға МҚС диагнозы қойылды, оның ішінде 8 бала жақсы нәтижемен шығарылды, қалғандары көпбейінді балалар ауруханасында емделуде", - деп хабарлады Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басшысы.

Егер COVIND-19 байланысты MҚС-ге күдік болса, бала міндетті түрде көпбейінді балалар ауруханасына жатқызылуы керек, онда ол диагностикалық шаралардың толық көлемін және қажетті терапияны алады.

Кавасаки ұқсас синдромы бар науқастарды түрлі педиатриялық мамандар тобы диагностикалап, емдейді: инфекционист, ревматолог, кардиолог, гематолог, реаниматологтар. Ерте диагностика және уақтылы медициналық көмек көп жағдайда баланың тез сауығуына әсер етеді.

Кавасаки синдромының негізгі клиникалық белгілері:

- температура 24 сағат ішінде 38,50 С жоғары болады;

- асқазан-ішек жолдарының зақымдануы - іш ауырады, құсу, жүрек айнуы, диарея;

- тыныс алу жүйесінің 50% зақымдануы мүмкін - жөтел, пневмонияның ауыр түріне байланысты ентігу;

- денеге түрлі дәрежеде бөртпе дақ, дақ-папулез шығады;

- конъюнктивит, лимфа түйіндерінің ұлғаюы, алақан, аяқ ісінуі мүмкін;

- кеуденің артқы жағында жүрек тұсы ауырады, кардиоваскулярлық белгілер болады;

- тіл қызыл, алқызыл болады, ерін қызарады.