Қазақстанда 1,6 млн-нан астам қызметкердің табысы өседі – Еңбек министрлігі

0
456

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 42 500-ден 60 000 теңгеге дейін ұлғайтылды.


Қазақстанда 1,6 млн-нан астам қызметкердің табысы өседі – Еңбек министрлігі

ERNUR.KZ. Ең төменгі жалақыны 60 мың теңгеге дейін арттыру нәтижесінде 1,6 млн-нан астам жалдамалы жұмыскердің ақшалай кірістері өседі, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы (бұдан әрі – ЕТЖ) 41% - ға, 42 500-ден 60 000 теңгеге дейін ұлғайтылды.
Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс берушілер жұмыскерлерге еңбекақыны ЕТЖ-дан төмен болмайтын деңгейде қамтамасыз етуге міндетті. Осының арқасында түрлі меншік нысанындағы кәсіпорындардың барлық салаларында жұмыс істейтін жалақысы 60 мың теңгеге дейінгі 1 млн 650 мың жалдамалы жұмыскердің ақшалай кірістері өседі», - деп жазды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Ведомствоның хабарлауынша бірінші кезекте ЕТЖ көтерілуі «жалақысы төмен» қызметкерлерге қатысты болады.

«Екіншіден, жалақы деңгейін белгілеу кезінде ЕТЖ көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер разрядаралық біліктілік жүйесін ескере отырып, қызметкерлердің басқа санаттарының жалақысын қайта қарайтын болады.
Естеріңізге сала кетейік, ЕТЖ еңбек саласындағы ең төменгі әлеуметтік стандарт болып саналады және тиісті қаржы жылына «Республикалық бюджет туралы» ҚР Заңымен жыл сайын белгіленеді», - делінген ведомство таратқан хабарламада.