Қазақстанда 4 айда коронавирус пен пневмониядан 150 мың адам емделді

0
579

Бұл наурыз -маусым айларындағы көрсеткіш.


Қазақстанда 4 айда коронавирус пен пневмониядан 150 мың адам емделді

ERNUR.KZ. Наурыз-маусым айларында Қазақстан ауруханаларында коронавирус пен пневмониядан 150 мың адам емделді. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасы Болат Төкежанов айтып берді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Наурыз-маусым айларында еліміздің стационарларында 150 мың адам коронавирус пен пневмониядан емделді. Наурыз айына қарағанда, маусымда бір күндік төсек-орындармен науқастардың қамтылуы – 8 есеге, жұқпалы аурулар ауруханасындағы төсек-орынның қамтылуы – 23 есеге өскенін атап өткен жөн. Сондай-ақ, провизорлық стационарларда бір күндік төсек-орын саны наурыз айында 21 мың болса, қазір 100 мыңнан асты», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингте.

Аталған қор қазақстандықтарға медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту үшін шілде айында медициналық ұйымдарға арналған тарифтерді арттырған.

«Енді провизорлық стационарда әрбір төсек-орын күні үшін – 22 мың теңгеден астам, тәулік бойғы стационарларда болғаны үшін – 32 мың теңгеден астам, науқасты анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде емдеудегі төсек-орын күні үшін – 70 мың теңгеден астам қаражат қор тарапынан өтеледі. Аталған қызметтерге тарифті көтеру қор жеткізушілерінің санын көбейтуге, жеке ауруханаларды белсенді тартуға және коронавирустық пневмониясы бар науқастарды емдеуге мүмкіндік береді», - деді қор басшысы.

Бұған дейін Болат Төкежанов коронавирусқа қарсы күрес шараларына 56,7 млрд теңге бөлінгенін айтты.

Сонымен бірге, коронавирустық инфекцияның жеңіл деңгейіндегі бір науқасқа – 292 600 теңге, орташа деңгейдегі науқасқа – 446 100 теңге, ауыр науқасты емдеуге – 1,5 млн теңге тариф бекітілген.