​Қазақстанда 505 елдімекенді су басу қаупі бар

0
1 532

Қазіргі таңда көктемгі су басу қаупі бар 505 елдімекен анықталып отыр.


​Қазақстанда 505 елдімекенді су басу қаупі бар

ERNUR.KZ.ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер көктемгі су басу қаупі бар 505 елдімекеннің анықталғанын мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Қазіргі таңда көктемгі су басу қаупі бар 505 елдімекен анықталып отыр. Олардың 75-і Алматы облысында, 76-ы Шығыс Қазақстанда, 46 елдімекен Ақмола облысында, 35-і Ақтөбе өңірінде, 33-і Қарағанды аймағында, 31-і Қызылорда облысында, 52-і Қостанай облысында, 14-і Павлодар өңірінде және 18-і Солтүстік Қазақстан облысында», - деді Владимир Беккер ТЖК-да өткен баспасөз мәслихатында.

Комитет төрағасының айтуына қарағанда, су тасқыны мен еріген сулардың әсерін төмендету мақсатында тұрғындар мен көлік инфрақұрылымына 2017 жылдан бастап тасқынды болдырмау бойынша жол картасы іске асырылуда.

«Жол картасы бойынша 2 жылдың ішінде 357 іс-шара өткізілді. 174 қорғау бөгеті салынып, нығайтылды. 119 гидротехникалық құрылыс жүргізіліп, 64 көпір жөнделді», - деді ол.

Владимир Беккер атап өткендей, ТЖК су тасқыны жағдайының ықтимал күшеюіне жедел ден қою мақсатында азаматтық қорғау органдарының күштері мен құралдарының арнайы топтарын жасақтаған. Құтқару жұмыстары секілді кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу үшін барлық бөлімшелер (оның ішінде азаматтық қорғаныс бойынша әскери бөлімдер) қажетті техникамен, жабдықтармен қамтамасыз етілген.

«Осы жылдың 26-27 ақпанында Петропавлда өтетін «Көктем-2019» республикалық командалық штабтық оқу-жаттығу барысында азаматтық қорғау органдарының, күштер мен құралдарының іс-қимылдары практикалық тұрғыда пысықталатын болады», - деп түйді Владимир Беккер.