Қазақстанда 5G бойынша Қытай технологиясы енгізіліп жатыр

0
487

Қазақстанда «5 Джи» желілерін іске қосу келесі 2022 жылдың соңына қарай жоспарланып отыр.


Қазақстанда 5G бойынша Қытай технологиясы енгізіліп жатыр

ERNUR.KZ. Елімізде «бес Джи» стандартындағы ұялы байланысты 4 оператор сынақтан өткізеді, деп жазады inbusiness.kz.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі радиожиілікті спектрді бөлу (РЖС) жайында түсініктеме берді.

Біраздан бері сарапшыларда бұл мәселеге қатысты сұрақтар қордаланып қалған болатын. Ал пандемия кезінде вакцинаға қатысты қаңқу сөздер мен «жасырын ымыраласу теорияларының» кең таралуы кесірінен бұл кәсіби мәселеге қарапайым азаматтар да көңіл бөле бастады.

Сонымен, цифрлық даму ведомствосының хабарлауынша, Қазақстанда қазіргі кезде 2, 3 және 4 Джи технологиялары қолданылады. Соның ішінде 4G бойынша РЖС жиіліктерін пайдалану құқығын беретін құжаттар небары 4 отандық байланыс операторына – «Kcell» АҚ-ына, «Altel» АҚ-ына, «Кар-Тел» ЖШС-іне және «Мобайл-Телеком Сервис» ЖШС-іне ғана беріліпті.

Сонымен бірге, бүгінде министрліктің мәліметінше, «5G радиоэлектронды құралдарын коммерциялық мақсаттарда орнатуға мүмкіндік беретін байланыс саласындағы рұқсатнамаға Қазақстан Республикасының бірде бір байланыс операторы ие емес». Соған қарамастан, елімізде екі жылдан бері осы технология ілгерілетілуде.

«2019 жылдан бері Қазақстанда 5G технологияларының шамамен 11 тестілік сынағы өткізілді. Бұл ретте «Astana Hub» ІТ-стартаптардың халықаралық технопаркі аумағында, тұрақты негізде Huawei-дің 5G базалық станциясы орнатылды. Ол тестілік режимде, 3,5 ГГц диапазонында, 5G кейстері мен технологияларын тестілеуден өткізу үшін жұмыс істейді», – деп түсініктеме берді азаматтардың сауалына орай Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек.

Оның мәліметінше, Қазақстанда «5 Джи» желілерін іске қосу келесі 2022 жылдың соңына қарай жоспарланып отыр. Ол ең алдымен үш мегаполисте – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте қолданысқа берілмек. Ары қарай, 2023–2025 жылдары облыс орталықтары да тегіс 5G-мен қамтылады деп күтілуде. Ауылдарға аса қымбат 5G жеткізу әзірше күн тәртібіне қойылып отырмаған көрінеді.