Қазақстанда адамның бет-әлпетін камера арқылы анықтау теxнологиясы сынақтан өтті

0
1 546

ҚР Ішкі істер министрлігі бейнебақылау жүйесі бойынша бірнеше пилоттық жобаны бастап кетті. Соның аясында вокзалдар мен тұрғын үйлерде орнатылған камераларды жан-жақты пайдаланып, қоғамдық қауіпсіздік шараларын жүргізу көзделіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


Қазақстанда адамның бет-әлпетін камера арқылы анықтау теxнологиясы сынақтан өтті

ҚР Ішкі істер министрлігі бейнебақылау жүйесі бойынша бірнеше пилоттық жобаны бастап кетті. Соның аясында вокзалдар мен тұрғын үйлерде орнатылған камераларды жан-жақты пайдаланып, қоғамдық қауіпсіздік шараларын жүргізу көзделіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәселен, вокзалдарда орнатылған камераларға қатысты жоба «Транстелеком» АҚ-сымен бірлесіп қолға алынды. Оған сәйкес, вокзалдың кез келген бейнебақылау камерасына қосылып, бәрін онлайн режимде бақылауға болады. Көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін енгізіп, аталған нөмірге сай келетін көліктердің тізімін, вокзалға кіргенін және шыққанын тауып алуға мүмкіндік бар. Тіпті, адамның бет-әлпетін анықтау функциясы да бар. Ол үшін фотоны жүктеу керек. Электронды жүйе оған ұқсайтын барлық адамдарды, 100 процентке сәйкес келетін бір адамды да тауып бере алады. «Қазіргі кезде біз Алматы-1, Алматы-2, Қарағанды, Астана және Бурабай вокзалдарында жаңа жүйені сынақтан өткіздік. Алдағы уақытта тағы 12 вокзал қосылады деген жоспар бар. Сөйтіп, осы тәжірибені барлық республикаға таратамыз», - дейді «Транстелеком» АҚ өкілі. Электронды жүйе басқа органдардың жұмысына бөгет жасамайды. Камераларды бір уақытта барлық құзіретті органдар пайдалана алады. Ал «Қазақтелеком» АҚ-ның жобасы тұрғын үйлерде арнайы камераларды орнату арқылы қоғамдық тәртіпті бірлесіп бақылауды көздейді. «Камералардың сапасы да, түсіру дәлдігі де жоғары. Ал үйдің тұрғындары арнайы мобильді қосымша арқылы ауласын және подьезін бақылап, қандай да бір тәртіп бұзушылық болса, бірден құқық қорғау органдарына xабар бере алады. Бұдан бөлек, учаскелік инспектор да планшетпен бәрін көре алады», - деп атап көрсетті «Қазақтелеком» АҚ өкілі Манас Оспанов. Оның айтуынша, бүгінде аталған жобамен Астанада 32 тұрғын үй қамтылған. Жылдың аяғына дейін республика бойынша камералардың санын барынша арттыру жоспарланып отыр. Аталған жүйенің жекеменшік бейнебақылау компаниялары ұсынатын қызметтен басты айырмашылығы абонеттік төлемі төмен болады. Айта кетейік, бүгін ҚР Парламент Сенатының бір топ депутаттары ішкі істер министрлігінің теxникалық жағдайымен танысып шығып, осы салада атқарылған жұмысқа өз бағаларын берді.