Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға арналған гранттар байқауы басталды

0
552

Үздік идеялар әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға 3 млн теңгеге дейін гранттар алады.


Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға арналған гранттар байқауы басталды

ERNUR.KZ. 23 тамызда «Әрекет» әлеуметтік кәсіпкерлік жобасына қатысу үшін қазақстандық коммерциялық емес ұйымдардан өтінімдер қабылдау басталады, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Жобаның басты мақсаты – коммерциялық емес ұйымдар арасында әлеуметтік кәсіпкерлік мәдениетін дамыту, оларды бизнес жүргізу дағдыларына үйрету және әлеуметтік проблемаларды кәсіпкерлік тәсіл арқылы шешу», - делінген хабарламада.

Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бастамасымен бүкіл ел аумағында жүзеге асырылуда.

«Жобаның бірінші кезеңі 2021 жылдың 23 тамызынан 17 қыркүйегіне дейін жалғасады. Оның барысында тілек білдірушілердің өтінімдері жиналып, комиссия конкурс шарттарына сәйкестігіне іріктеу жүргізіледі. Қатысуға елдегі әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытқысы келетін барлық КЕҰ шақырылады», - делінген қор хабарламасында.

Екінші кезеңге өткен қатысушылар онлайн режимінде оқыту бағдарламаларының бірінен – «Инкубатор» және «Акселератор» әлеуметтік кәсіпкерлік, маркетинг, қаржы және бизнестің заңдық аспектілері саласында өту мүмкіндігіне ие болады. КЕҰ өкілдерін әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуда үлкен тәжірибесі бар сарапшылар оқытады.

«Екінші кезеңнің қорытындысы бойынша финалистер анықталып, олар өздерінің әлеуметтік жобаларын конкурстық комиссияға ұсынатын болады. Үздік идеялар әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға 3 млн теңгеге дейін гранттар алады. Жоба жеңімпаздары желтоқсан айында жарияланады», - делінген ақпаратта.

Айта кетерлігі, 3 жыл ішінде жобаға Қазақстанның КЕҰ-ның 360-тан астам өкілі қатысты, 120-дан астам ұйым 500 мыңнан 3 млн.теңгеге дейін гранттар алды. Коммерциялық емес ұйымдар өз бизнес-моделін құра отырып, жобаларды сәтті жүзеге асырды және сонымен бірге әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектесті.