Қазақстанда алғаш рет зауытқа саяхат жасауға бағдар ашылды

0
517

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнап ERG компаниясы өнеркәсіп кәсіпорындарына туристік бағдарлар ашты.


Қазақстанда алғаш рет зауытқа саяхат жасауға бағдар ашылды

ERNUR.KZ. Алғашқы тур Ақтөбедегі ERG құрамындағы Қазақстандағы алғашқы қара металлургия зауытында пилоттық режимде басталды, деп жазады stan.kz.

Кез келген турист саяхаттан әдемі көрініс, ерекше естеліктер, селфи түсіретін локация мен қызықты ақпарат алуға талпынады. Бәрінен де маңыздысы саяхаттың қауіпсіз өтуі. Саяхат барысында ERG компаниясы жоғарыда аталғандарды түгел қамти алды және ең қызығы – әсерлі әңгімелерімен гидтің рөлінде компания директорының өзі болғандығы.

"Экскурсия әзірге тегін, алайда алдағы уақытта келушілер саны көбейіп, қызығушылық танытар жандар көбейсе, ақылы болады", - деді Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Жалғасбай Мұсабеков.

Бір жарым сағатты қамтыған экскурсияға журналистер мен блогерлер қатысты. Кезекті экскурсия мәслихат депутаттары, мұғалімдер мен оқушы-студенттер және зауыт қызметкерлерінің жақындарына арнап өткізілмек.

Саяхат ферроқорытпа зауытының дайын өнім цехынан басталды. Бұл жерде қонақтар балқыту пештерінен алынған феррохромды (дайын металл) көзбен көріп, қолмен ұстай алады.

Келесі аялдама – шикізат материалдарын түсіру бекеті. Бұл бекетте 1 күнде 240 вагон өнім қабылдап, бір вагон 69 тонна шикізат материалын аудара алады. Саяхатқа барған адам бұл көріністі де толықтай көре алады.

Қара металлургия зауытындағы саяхат ары қарай № 2 балқыту цехында жалғасын тапты. Алдымен балқыту цехындағы феррохром өндірісінің технологиялық сызбасы таныстырылып, кейін сол сызбаға сай жүзеге асырылған үдерісті тамашалау экскурсия барысындағы ең ғажап көріністердің бірі болды. Себебі ғарыш зымырандары қапталып, хирургиялық құралдар құрастырылатын металдың өндірілу сәтін көру, құйылып жатырған металдың (t 1580 С) фонында суретке түсу адамды ерекше сезімге бөлейді. Аталған цех өнімін тұтынушы елдер қатарында: Еуропа, АҚШ, Қытай, Ресей және басқа да ТМД елдері мен Жапония, Оңтүстік Корея т.б. бар.

Саяхат барысындағы соңғы аялдама Ақтөбе ферроқорытпа зауытының №4 балқыту цехы ең маңызды және болашағы зор цехтардың бірі болып табылады. Мұнда Қазақстан үшін ғана емес, әлемдік ферроқорытпа саласы үшін де бірегей тұрақты ток пештерінде балқытудың инновациялық технологиясы қолданылады. Цехты 2010 жылдан бастап неміс компаниясы сала бастады және 2014 жылы іске қосты. Бірақ аталған компания 2014 жылдан -2018 жылға дейін технологияны дұрыс жүргізе алмағандықтан өзінің қуаттылық күшіне жеткізе алған жоқ. Осылайша 2018 жылы цех жергілікті мамандарға тапсырылып, әр түрлі шаралар мен эксперимент жүргізу нәтижесінде цехты өзінің қуаттылығына жеткізе алды.

Сонымен қатар, №4 балқыту цехында пешті басқару бөлмесімен де таныса аласыз. Бұл жерде операторлар барлық пештің жұмысын басқарып отырады. Пештің қуаттылығы 72 мегаВатт, күніне 300 тонна металл шығарады және оның жүргізілу технологиясын бақылап отырады.

Қазіргі таңда ERG кәсіпорындарына туристік бағдардың виртуалды нұсқасы да әзірленуде. Кез келген адамның Еуразиялық Топ құрамындағы карьерлер, зауыттар мен кеніштерді аралап, Ержігітпен (нұсқаушы-көмекші) онлайн ойын ойнауына мүмкіндік болады.

Айта кетсек, 1943 жылы алғашқы металл "Комсомолка" пешінде балқытылып, зауыт іске қосылды, бүгінде ол пеш өз атауын сақтап қалды. Ақтөбе ферроқорытпа зауыты – жылына шамамен 700 мың тонна ферроқорытпа өндіретін заманауи, тұрақты дамып келе жатқан кәсіпорын. Зауыт жоғары, орта және төмен көміртекті феррохром шығарады және оның құрамында үш негізгі өндірістік цех және 8 қосалқы бөлімше бар. Бұған қоса өндіріс орны тынымсыз, яғни 24/7 жүйесінде жұмыс жасайды. Қазіргі таңда зауытта 4500 адам қызмет етсе, оның 800-і әйел адамдар.

Зауыт директорының сөзінше, ең алдымен, басымдық қызметкерлерге беріледі және олар үшін барлық жағдай жасалған. Қызметкерлердің орташа жалақысы 235 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар, зауыт басшысы елдегі баға тұрақсыздығына байланысты жұмысшылардың еңбекақысын да бақылауды ұстап отыратындығын жеткізді.

2009 жылы қыркүйекте Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев жаңа ферроқорытпа зауыты №4 цех іргетасына символдық капсуланы өз қолымен қалап, ал 2014 жылы 23 маусымда Елбасы "Қазхром" ТҰК" АҚ жаңа зауытының іске қосу жұмыстарына бастау берді. Жаңа зауыт үш сатылы ағынды суларды тазарту жүйесімен жабдықталған. Сондай-ақ, жабық айналым циклі қарастырылған, яғни су тазарту жүйесінен өтіп, сыртқа ағызылмайды. Зауытта жоғары тазалау дәрежелі ең заманауи газ тазалау қондырғыларының екі түрі орнатылған. Бұл өндірістік шешімдер қоршаған ортаға деген әсерді төмендетіп, ферроқорытпа газы мен шаңды кәдеге жаратуға мүмкіндік береді, қатты шығарындылардың мөлшерін айтарлықтай азайтады.

Ақтөбе ферроқорытпа зауытының қауіпсіздікке баса мән беріледі. Оны 2019 жылы бастау алған "Халықтық бақылау" пилоттық жобасының жұмыс жасап жатқандығынан байқауға болады. Денсаулық жағдайына байланысты шектеуі бар, өндірісте жарақат алған адамдар бейнебақылау операторлары болып жұмысқа тұрды. Олар үйде отырып, кәсіпорындағы қызметкерлердің қауіпсіздік техникасын сақтауын бақылайды және сол үшін олар лайықты жалақы алады.

"Жалпы өткізілген экскурсияның маңыздылығы – егеменді Қазақстан үшін жетістік деп ойлаймын, себебі 30 жыл бойғы дамыған жетістіктерді көрсете аламыз. Бұл туризмнің негізгі мақсаты – қала тұрғындары мен қонақтарына зауытта қандай өнімдер шығып жатыр, қандай технологияны пайдаланатынымызды жеткізу. Осы туризм арқылы қандай жұмыс жасап жатырғанымызды көрсету және жас мамандарды жұмысқа шақыру. Бұрын біз мектептер мен университеттерге экскурсия жасағанбыз. Ендігі кезекте осының бәрін жүйелеп, ретке келтіріп, зауыт туралы түсінік бергіміз келеді”, - деп қорытындылады зауыт директоры.