​Қазақстанда ауыр тікұшақтар құрастырылатын болды

0
1 061

Қазақстанда алғаш рет Ми-8АМТ/Ми-171 ауыр тікұшақтарын құрастыру технологиясы енгізілуде


​Қазақстанда ауыр тікұшақтар құрастырылатын болды

ERNUR.KZ. Қазақстанда алғаш рет Ми-8АМТ/Ми-171 ауыр тікұшақтарын құрастыру технологиясы енгізілуде, деп жазады Алтайньюс.

Бұл туралы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мәлімдеген. Ірі тораптық құрастыруды ұйымдастыруға арналған келісімшартқа «Қазақстан инжиниринг» АҚ, «№405 авиажөндеу зауыты» АҚ және «Ростех» мемлекеттік корпорациясының «Ресей тікұшақтары» АҚ қол қойды.

Жоба бюджеттік инвестиция тартпай-ақ іске қосылды. Ми-8АМТ/Ми-171 тікұшақтарына еліміздегі мемлекеттік мекемелер мен коммерциялық авиакомпаниялар тапсырыс береді.

Тікұшақ құрастыру өндірісін іске қосу отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенін, азаматтық тікұшақ индустриясын, оқу-жаттығу базасын айтарлықтай дамытуды қамтамасыз етеді. Тікұшақтарды құрастыру және оларды тапсырыс берушінің талаптарына бейімдеу «№ 405 авиажөндеу зауытының» өндірістік алаңдарында жүретін болады. Аталмыш кәсіпорын Қазақстанда осы үлгідегі тікұшақтарды қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету мәселесінде үлкен құзыретке ие, – деп мәлімдеді Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі.

Олардың айтуынша, «405 авиажөндеу зауыты» Ми-8/17/171 типті тікұшақтарды жөндеу, жаңғырту және техникалық қызмет көрсету үшін қазақстандық және халықаралық органдармен сертификатталған.

Айта кетейік, Ми-8АМТ/Ми-171 тікұшақтары жолаушыларды және жүктерді тасымалдау, іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін пайдаланылатын болады.