Қазақстанда Аяз ата мен Ақшақардың 20 минуттық көрінісі 15 мың теңгеден басталады

0
696

​Балабақшалар мен білім беру мекемелерінде жаңа жылдық шараларға шектеу қойылғалы, ақылы Аяз атаны үйлеріне шақыратындар көбейген.


Қазақстанда Аяз ата мен Ақшақардың 20 минуттық көрінісі 15 мың теңгеден басталады

ERNUR.KZ. Қазір мұндай қызмет ұсынушыларға кезек те көп, баға да қымбат. Аяз ата мен Ақшақардың 20 минутқа құттықтап шығуы 15 мың теңгеден басталатын көрінеді, деп жазады Stan.kz.

Карантиндік шектеулерге байланысты балалар биыл да жаңа жылдық шарадан қағылды. Дегенмен жағдайы бар ата-аналар үйлеріне Ақшақар мен Аяз ата жалдап, балаларының көңілін аулап жатыр. Ал мұндайды қалтасы көтермейтіндер орталық алаңдағы шыршаны қызықтап, суретке түсумен ғана шектелуде.

Балаларына ерекше шаттық сыйлағысы келетін ата-аналар үшін қазір жарнама сайтында Аяз ата мен Ақшақардың түр-түрі кездеседі. Олар қажет болса, қалаған тіліңізде балаларыңызды құттықтап шығуға дайын. Бірақ мұндай ермек арзан емес. Үйіңізге тек 20 минутқа кіріп-шыққаны үшін ең кемі 15-20 мың теңге аралығында ақысын алады. Жалдамалы Аяз Атаның бірі – Абзал Жаңбыр. Биыл ол тапсырыстан қолы босамай жатқанын айтады.

“Аяз ата рөлін сомдау өте қызықты. Балаларға шоу программалар ойнатамыз. Тапсырыс беру жарты сағатқа он бес мың теңгеден басталады. Кешкісін корпоративтерге жарты сағат немесе жиырма минут он бес мың теңгеден басталады. Сенбі, жексенбі күні тапсырс көп болады. Отыз бірі босамаймыз”, – дейді Абзал Жаңбыр.

Аяз ата қызметін ұсынушылар барлық карантин шараларын сақтауға тырысатынын айтады.

Дегенмен тапсырыс берушілердің көбі бұған назар аудармайды дейді. Себебі, олардан ПТР тесті мен екпе алғандығын растайтын паспортты талап еткен жан болмапты.