Қазақстанда Boeing 737 MAX ұшақтарын пайдалану тоқтатылды

0
954

Boeing 737 MAX ұшағымен 5 ай ішінде екі ірі апат орын алған.


Қазақстанда Boeing 737 MAX ұшақтарын пайдалану тоқтатылды

ERNUR.KZ. Эфиопияда Boeing 737 MAX ұшағы апатқа ұшырағаннан кейін Қазақстанда әуе кемесінің мұндай түрін пайдалану тоқтатылды, деп жазады Zakon.kz.

Біздің елде тек жалғыз ғана Boeing 737 MAX тіркелген.

"ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті 2019 жылдың 13 наурызынан бастап Қазақстанда "Scat" әуе компаниясына тиесілі Boeing 737 MAX ұшағын пайдалану уақытша тоқтатылғаны жайлы хабарлайды. Қазақстандық реестрде мұндай әуе кемесінің тек жалғыз данасы тіркелген," - деп хабарлап отыр ААК баспасөз қызметі.

10 наурыз күні бортында сегіз экипаж мүшесін қосқанда 157 адам болған Ethiopian Airlines әуе компаниясына тиесілі Boeing 737 ұшағы Эфиопияның Дэбрэ-Зэйт қаласына таяу маңда опат болды. Қаза тапқандар қатарында 35 мемлекеттің өкілі бар, оның үшеуі Ресей азаматтары. Бұл бес айдың ішінде ұшақтың осындай моделімен орын алып отырған екінші апат. 2018 жылы 29 қазан күні индонезиялық Lion Air әуе компаниясының лайнері опат болған болатын.

Ұлыбритания, Ирландия, Франция, Австрия, Голландия және Германия мемлекеттерінде барлық Boeing 737 MAX ұшақтары үшін әуе кеңістігі жабылды. Орын алған жайттан соң Қазақстанда да ұшақтың бұл түрлері үшін жаңа тренингтер енгізу шешілді.