Қазақстанда қауіпті сүт өнімдері табылды

0
1 106

Заң бойынша егер құрғақ сүттің үлесі 5%-дан асса, онда ол «сүт» деп атала алмайды: қаптамасында «сүт сусыны-молочный напиток» деп жазылуы керек.


Қазақстанда қауіпті сүт өнімдері табылды

ERNUR.KZ. Әлемде коронавирус пандемиясы басталып, Қытай өзге елдермен шекарасын жапқанда қазақстандық сүт зауыттары дағдарысқа тап болды. Көрші Ресейде де тіпті ондаған сүт кәсіпорны жабылып қалған. Қарапайым адамға мұның мәнісі түсініксіз болуы мүмкін. Себебі көктем және жаз кезі – сиыр бұзаулайтын шақ. Демек ақ аста-төк болса керек. Алайда кәсіпорындар сиыр сүтіне соядан жасалатын құрғақ сүтті араластыратын көрінеді, деп жазады inbusiness.kz.

Мұның қауіпті жағы да бар: Қытайда кезінде құрғақ сүттен меламин табылып, одан бірнеше адамның уланғаны мәлім. Бүгінде сүт құрамында ағзаға залал келтіретін заттар жоқтығына кепіл бар ма? Денсаулық сақтау ведомствосы осыған орай рейд жүргізіпті.

ДСМ-ның Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті ішкі нарықта өнімдердің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету үшін ұдайы мониторинг жүргізетінін хабарлады. Бірақ өнімнің қауіпсіздігін тексеру тек оны сату сатысында ғана жүргізіледі екен.

Атап айтқанда, комитет (халық арасында СЭС) мамандары дүкен, базар, сауда орындарын аралап, тауар түрлерін іріктеп алып, оларға сантарлық-эпидемологиялық сараптама жүргізеді. Өкінішке қарай, сынама тексеріліп жатқанда сөреде тұрған қауіпті тауарды азаматтар сыпырып әкетіп жатуы мүмкін. Ақыр соңында СЭС-тегілер тек сауда орнының қоймасында қалған зиянды тауарды тәркілеуге ғана келеді. Әрине, сатып алушылардың үйлерін аралап, тоңазытқышын ашып қарауға мүмкіндігі жоқ. Ал қауіпті өнімдер жоқ емес.

«Тауарлар қауіпсіздігін мониторингтеу аясында біздің комитеттің барлық аумақтық бөлімдері тамақ, соның ішінде сүт өнімдерін сату орындарына бақылау жасап жатыр. Нәтижесінде, 2020 жылдың 8 айының қорытындысында 1 мың 606 сүт және сүт өнімдерінің түрі тексерілді. Оның 141-і немесе 8,78% талаптарға сәйкес келмейтін болып шықты. Нақтылай кетсек, 25 түрінің немесе 17,7%-ның бактериологиялық залалы анықталды. 42-сі немесе 29,8%-ның физикалық-химиялық көрсеткіштері талапқа, 7-і немесе 5%-ы қауіпсіздік көрсеткіштеріне сәйкес келмейді. 63-нің немесе 44,7%-ның таңбалануынан қате табылды. 11 түрі немесе 7,8%-ы өзге көрсеткіштерінде олқылық бар. Осыған байланысты жыл басынан бері саудадан 437,42 келі қауіпті сүт өнімі тәркіленді», – деп хабарлады ДСМ комитеті.

Ведомство елге орны толмас зиян келтіруі мүмкін меламин бақылауда екеніне сендіреді.

«Меламин Кеден одағының 2011 жылғы «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» және «Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенттерімен реттеледі. Қазіргі кезде комитеттің Ұлттық сараптама орталығының 14 филиалы және Химиялық заттарды бақылау жөніндегі референс-зертхана осы салада аккредиттелген. Олар сүт пен сүт өнімдерінің құрамында меламиннің бар-жоқтығын анықтау үшін зерттеулер жүргізеді. Бұл үшін қажетті әдістеме де бар. Ол меламинді тиімділігі жоғары, сұйық хроматография әдісімен анықтауға негізделген. Яғни, халықаралық тәжірибе бойынша диодты-матрицалық детектор немесе УФ-спектрофотометриялық детектор қолданылады», – деді тауарлар сапасы мен қауіпсіздігін бақылайтын комитет.

2020 жыл басталғалы елде сатылатын сүт өнімдерінен меламинді анықтау үшін 119 зерттеу жүргізілген. Оның 31-і - балалар тамағы. «Меламин табылған жоқ», – дейді комитет осы зерттеулерді қорытындылай отырып.

Бұдан бұрын Ауыл шаруашылығы министрлігі сүт өңдеуші компаниялардың басым көпшілігі өнімдерінің құрамында құрғақ сүттің барлығын көрсетпейтінін мәлім еткен болатын. Мысалы, 59 сүт кәсіпорны өз сүтін сиыр сүтінен емес, Қытайдан не Ресейден әкелінген ұнтақтан жасайды. Тек 93 кәсіпорын табиғи сүтті көбірек пайдаланады.

Заң бойынша егер құрғақ сүттің үлесі 5%-дан асса, онда ол «сүт» деп атала алмайды: қаптамасында «сүт сусыны-молочный напиток» деп жазылуы керек.

«Қазақстанда тек табиғи сүттен ғана өнім жасайтын компания кемде-кем. Себебі, ондай өнім арзан бола алмайды, яғни баға жөнінен бәсекелестеріне ұтылады. Елде халықтың тұрмысы төмен. Күйзеліс кезінде қымбат өнімге сұраныс болмайды, ендеше барлық өндіруші өз өнімінің өзіндік құнын арзандатудың әртүрлі жолын іздейді. Тіпті көшеде пластик құтымен сүт сататын адамдардың да құрғақ сүт қоспайтынына еш кепіл жоқ. Мұндай сүттің еш пайдасы жоқ. Жасанды сүтті тіпті жасырын цехтарда да жасай береді. Мысалы, суға ақ түсті тағамдық бояғышты, жүгері крахмалын, кілегей дәмін беретін жұпар эссенциясын қоса салып, дүкенде тұрғандай «сүт өнімін» шығарады», – дейді белгілі технолог, сүт өнімдері бойынша маман Михаил Гринштейн.

Мұндай өнімдерде зиянды микроағзалар өріп жүруі мүмкін. ДСМ комитетінің мамандары соған жолыққан. Сарапшылар жыл өткен сайын сапасыз өнімдер саны тек артуы мүмкін деп отыр. Себебі, алда сүт өндірушілердің шығыны көбейеді. Ресейдің тізеге салуымен Қазақстан алда сүт және сүт өнімдерін міндетті таңбалауға көшкелі жатыр.

Алдын-ала есептеулер бойынша сүт өнімдеріне арналған цифрлық кодтарды Ресейден сатып алудың жыл сайынғы шығындары 3,3 миллиард теңгені құрамақ. Осы орайда Қазақстанның сүт одағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жазып, міндетті маркалауға қарсы шығып жатыр.