Қазақстанда "Қорғас" сияқты тағы бірнеше трансшекаралық хаб салынады

0
427

​Трансшекаралық хабтар транзакциялық шығындарды азайтуға, экспортты ұлғайтуға мүмкіндік береді.


Қазақстанда

ERNUR.KZ. Қазақстан Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанмен шекарада төрт трансшекаралық хаб салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Алтын сапа" және "Парыз" сыйлықтарының иегерлерін марапаттау рәсімінде айтты, деп жазады sputnik.kz.

Президент отандық бизнес көрші елдердің нарығына шығуы үшін заманауи инфрақұрылымды дамыту қажет екенін айтты.

"Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығы табысты жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар тағы төрт трансшекаралық хаб: оның екеуін Ресеймен шекарада, Өзбекстанмен және Қырғызстанмен шекарада бір-бірден салу жоспарлануда. Бұл транзакциялық шығындарды азайтуға, көлік логистикасының тиімділігін арттыруға және нәтижесінде экспортымызды ұлғайтуға мүмкіндік береді", – деді Тоқаев Қазақстан президентінің "Алтын сапа" және "Парыз" сыйлықтары иегерлерін салтанатты түрде марапаттау рәсімінде бейнебайланыс режимінде сөз сөйлеп.

Мемлекет басшысы елімізде өндірілетін тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың және сапаны бақылаудың заманауи жүйесін енгізудің маңыздылығына назар аударды.

"Кәсіпорындардың бизнес-процестеріне жасалатын диагностика осы саладағы жаһандық үрдістерге сай болуға тиіс. Бұл жерде, ең алдымен, цифрландыру және Индустрия 4.0 элементтерін пайдалану туралы сөз болып отыр. Осыған байланысты "Алтын сапа" конкурсының талаптарын Сапаны басқарудың еуропалық қорының (EFQM) жаңа моделіне біртіндеп сәйкестендіру керек. Біз үздік халықаралық үлгілер мен тәжірибелерге сай болуымыз қажет", – деді ол.

Сонымен қатар президент өнеркәсіп саласында білікті мамандардың жетіспейтініне ерекше назар аударды. Бұл – индустрияландыру үдерісін тежейтін факторлардың бірі.

Тоқаевтың айтуынша, 2025 жылға қарай 500-ге жуық индустриялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Сол себепті үкімет аталған өндіріс орындарында жұмыс істейтін білікті кадрларды қазірден бастап дайындауы керек.

Президент мемлекет тарапынан жұмыс берушілерге нақты қолдау көрсетіліп жатқанымен, ол жеткіліксіз екенін атап өтті. Осыған байланысты Тоқаев үкіметке "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жұмыспен қамтуды және қызметкерлердің біліктілігін арттыруды ынталандыруға бағытталған қосымша шараларды пысықтауды тапсырды.

Бұдан бөлек, президент індет кезінде денсаулық сақтау жүйесіне зор қолдау көрсеткен отандық кәсіпкерлер мен Қазақстандағы халықаралық компаниялар әлеуметтік жауапкершілік қағидасын әрдайым берік ұстанатынын атап өтті.

Айта кетері, биылғы "Парыз" байқауына қатысушылар әлеуметтік жобаларға және қайырымдылық шараларға 20 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсаған. Олар 7 мың жаңа жұмыс орнын ашты.

Байқау жеңімпаздары

"Алтын сапа" конкурсы

  • "Үздік индустриялық жоба" номинациясы – "YDD Corporation" ЖШС (Қарағанды облысы);
  • "Үздік инновациялық жоба" номинациясы – "Агрофирма TNK" ЖШС (Ақмола облысы).

"Парыз" конкурсының бас жүлдесін "ПО Глобал-Спецодежда" ЖШС (Ақтөбе облысы) мен "Karachaganak Petroleum Operating B.V." ЖШС қазақстандық филиалы (Батыс Қазақстан облысы) иеленді.

Жеңімпаздарға жүлделерді премьер-министр Асқар Мамин табыстады.

"Алтын сапа" байқауы 15 жылдан бері өткізіліп келеді. Бүгінге дейін 150-ден астам компания президент сыйлығының иегері атанды.