Қазақстанда мүлікті тіркеу шаралары жеңілдейді

0
489


Қазақстанда мүлікті тіркеу шаралары жеңілдейді

ERNUR.KZ. Бұл туралы Әділет вице-министрі Азамат Әмірғалиев ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да нотариат және жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласындағы реформалар бойынша өткен брифингте айтты, деп жазады baq.kz.

Соңғы төрт жылда осы саладағы әкімшілік өндірістердің айтарлықтай төмендегені байқалады. Бұл меншік иелерінің мүліктерін уақытылы тіркегенін және құқықтарын толыққанды іске асырғанын растайды. Осыған орай, алты айлық мерзімді өткізіп алған тұлғаларға әкімшілік жауапкершілік алып тасталды, - деді ол.

Әмірғалиевтің айтуынша, жергілікті жерлердегі сәулет және қала құрылысы органдары жылжымайтын мүлік объектісінің бұзылғанын растайтын құжат беруге жауапты болып заңды түрде айқындалды.

Бұрын меншік иесі жер учаскесі бар тұрғын үй сатып алып, өзінің тұрғын үй жағдайын жақсартқысы келіп, ескі үйді бұзып, жаңасын салған. Алайда объектіні бұзу туралы құжаттың болмауы салынған үйге құжатты заңдастыруды қиындатты. Бұл олқылықты жою жылжымайтын мүлік дерекқорындағы объектілер туралы мәліметтерді уақтылы жаңартуға және тиімді салық салуға ықпал етеді, - деді ол.

Оның айтуынша, құқық ауыртпалықтарын, заңдық талаптарды тоқтатуды тіркеу мерзімі бір жұмыс күніне дейін қысқартылды, бұл меншік иелеріне өз мүлкіне жедел билік етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар бүгінгі күні нотариаттық емес мәмілелер бойынша құқықтарды электрондық тіркеу сәтті енгізілді. Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында жылжымайтын мүлікке кепілді электрондық тіркеу бойынша пилоттық жобасы іске қосылды. Жергілікті атқарушы органдар беретін жекешелендіру шарттары негізінде құқықтарды электрондық тіркеу пысықталуда, - деді Әмірғалиев.

Азамат Әмірғалиев атағандай, жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрын енгізу алдағы уақытта жылжымайтын мүлікпен жасалатын барлық мәмілелерді тіркеуді электрондық форматқа көшіруге мүмкіндік береді.

Бұл халықтың уақыт және қаржы шығындарын едәуір қысқартады, - деді ол.