Қазақстанда отбасылық кикілжіңге қатысты күніне 500-ден аса шағым түседі

0
699

Қазақстандағы жүргізілген гендерлік бағалауға қатысқан қатысушылардың 15,3%-ы пандемия кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көбейгенін естігенін, тіпті кейбірі өз басынан өткергенін атап өткен.


Қазақстанда отбасылық кикілжіңге қатысты күніне 500-ден аса шағым түседі

ERNUR.KZ. 26 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-әрекеттің 16 күндігі» халықаралық науқанының аясында «Гендерлік зорлықты болдырмау және әйелдердің әділ сотқа қолжетімділігін арттыру» атты халықаралық онлайн-конференциясы өтті, деп жазады Azattyq Rýhy.

ҚР Президентi жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссияның қолдауымен өткен шараға ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесі, Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюро, Қазақстандағы «БҰҰ-Әйелдер» құрылымы, БҰҰ Халықтың қоныстануы саласындағы қоры және #НеМолчиKZ қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырды.

«Мемлекеттің маңдайалды міндетінің бірі — зорлықпен күрес. Отбасындағы зорлық-зомбылық қоғамға кері әсер етеді. Қазақстанда бүгінде қолға алынып жатқан шараның бәрі қоғамда әйелдер мен балалардың құқығына қол сұғуды түбегейлі жою үшін жасалып жатыр», - деп атап өтті Ұлттық комиссияның төрайымы Лаззат Рамазанова.

Конференцияға Ұлттық комиссия мүшелері, орталық мемлекеттік органдар, Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі өңірлік комиссиялар, үкіметтік емес ұйымдар және халықаралық ұйымдар өкілдері, сонымен қатар дағдарыс орталықтарының жетекшілері қатысты.

Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымы мен ЮНФПА жүргізген гендерлік бағалауға қатысқан қатысушылардың 15,3%-ы пандемия кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көбейгенін естігенін, тіпті кейбірі өз басынан өткергенін атап өткен. Карантин уақытында тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы хабарлағандарға келсек, 25-34 жастағы әйелдер үлесі (16,6%), ажырасқандар (22,8%), халықтың әлеуметтік тұрғыдан жағдайы төмен топ өкілдері (22%). Сонымен бірге сауалнамаға қатысқан әйелдердің 80%-дан астамы пандемия кезінде аналарды қорғау, отбасын жоспарлау, тұрмыстық зорлық-зомбылық көргендерге психологиялық қолдау білдіру қызметіне жүгінбеген.

«Қазақстанда отбасындағы кикілжіңге байланысты полицияға күніне 500-ден аса шағым келіп түседі. Қоғамның міндеті сол — мемлекеттің, халықаралық қорлардың, үкіметтік емес ұйымдардың көрсетіп жатқан көмегін әр отбасына жеткізу. Зорлық көргендермен ғана емес, агрессорлармен де кешенді әрі жүйелі жұмыс жүргізу керек», - дейді құқық қорғаушы, #НеМолчиKZ халықаралық қозғалысы көшбасшыларының бірі, конференция ұйымдастырушысы Дина Смаилова.