Қазақстанда сапасыз интернет үшін айыппұл он есеге артады

0
644

​Мәжіліс депутаттары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне байланыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасын жұмысқа алды.


Қазақстанда сапасыз интернет үшін айыппұл он есеге артады

ERNUR.KZ. Құжатта сапасыз интернет үшін байланыс операторларына айыппұл салу шарасы қарастырылған, деп жазады Stan.kz.

Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметовтың айтуынша, заң жобасы мемлекет басшысының тапсырмасы аясында депутаттар тобымен әзірленді. Негізгі мақсат – интернетті барынша қолжетімді ету және сапалы байланысты жасау. Осыған байланысты байланыс операторларының жауапкершілігі айыппұлды арттыру арқылы күшейтіледі.

"Заң жобасымен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 637-бабының бірінші бөлігінде ірі кәсіпкерлік субъектілер үшін заңнамада белгіленген техникалық параметрлерге сәйкес келмейтін байланыс және интернетке жол жеткізу қызметтері үшін айыппұл мөлшерін ұлғайту арқылы байланыс операторларының жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді. Заң жобасы халықтың сапалы байланыс пен интернет алу құқығын қорғауды көздейді", - деді Қожахметов мәжілістің жалпы отырысында.

Бұған дейін цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин интернет сапасына қатысты ең төменгі параментрлердің бекітілгенін айтқан. 3G үшін 1,5 Мегабит, ал 4G үшін кемінде 5 Мегабит болуы шарт. Биыл 400-ден астам тексеру жасалды. Соның 80 процентінде интернеттің ең төменгі параметрлерін бұзу фактілері анықталды. Сол үшін ұялы байланыс операторларына айыппұл салынды. Үш-төрт айдың ішінде интернеттің сапасы көтерілмесе, айыппұлдың көлемі екі есеге артады.

Ал жаңа заң жобасында айыппұлдың көлемін он есеге арттыру қарастырылған. Бұрын 100 АЕК болса, алдағы уақытта 1 000 АЕК болады.

"Бұл дегеніміз, биыл біз 400 тексерудің нәтижесінде 92 миллион теңгенің айыппұлын салсақ, он есеге өсіргеннен кейін бір жылда 1-2 миллиард теңгенің айыппұлы салынады. Бұл – өте қомақты сома. Сондықтан операторлар интернет сапасына көңіл бөледі деген сенім бар", - дейді Мусин.