Қазақстанда тұңғыш рет әлем онкологтарының үлкен саммиті өтуде

0
1 007

Жаһандық іс-шараға 80-нен астам елдің өкілдері келді.


Қазақстанда тұңғыш рет әлем онкологтарының үлкен саммиті өтуде

ERNUR.KZ. Биыл 15 және 17 қазан аралығында Нұр-Сұлтан қаласында Онкология саласындағы Дүниежүзілік көшбасшылар саммиті өтеді (World Cancer Leaders' Summit 2019). Бұл онкологиялық ауруларға қарсы күрестің тың тәсілін іздеуге арналған жыл сайын өтетін жоғары деңгейдегі кеңес, деп жазады egemen.kz.

Жаһандық іс-шараға 80-нен астам елдің өкілдері келді, қонақтардың арасында президенттер, бірінші ханымдар мен корольдік отбасы мүшелері, Сыртқы істер және Денсаулық сақтау министрлері, сондай-ақ онкологиялық ауруларды бақылау саласындағы 350 көшбасшы қатысуда. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Саммиттің құрметті қонақтарының бірі - Обырды бақылау жөніндегі халықаралық одақтың Президенті (UICC), Иордания Ханшайымы Дина Майред.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Дүниежүзілік Онкология саласындағы көшбасшылар саммитін өткізу платформасы ретінде Қазақстанды таңдаған Халықаралық одаққа алғысын білдірді. Саммит - Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде маңызды тарихи оқиға. Жалпы, бұл Орталық Азия аймағында және ТМД елдері арасында Онкология бойныша жоғары деңгейдегі алғашқы шара.

Ведомство басшысы форумға қатысушылардың алдында бірқатар міндет тұрғанын айтты - бұл ерте диагностикаға қатысты шешімді талқылау және қабылдау; тұрақты даму үшін денсаулық сақтау қызметтерінің негізгі стратегиясы ретінде МСАК нығайту және қатерлі ісікке щалдыққан науқастарға сапалы әрі ақысыз медициналық қызмет көрсету.

Министр Қазақстан 10 жылдан бері UICC мүшесі екенін және онкологиялық аурулармен күрес мәселесі әрқашан еліміздің әлеуметтік саясатының басым бағыты болғанын еске салды. 40 жылдан кейін, яғни 2018 жылы ДДСҰ-ға мүше мемлекеттер тағы да бірігіп, МСАК жөніндегі Астана Декларациясын қабылдап, МСАК мақсатын анықтады. Сол жылы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы Жолдауында Нұр-Сұлтан қаласында Ұлттық зерттеу онкоорталығын құруды тапсырды. Оның мақсаты - онкологиялық ауруға шалдыққаг науқастарды сапалы медициналық қызметтермен қамтамасыз ету. Қазір орталықтың құрылысы жүріп жатыр. Бұл Орта Азиядағы ең ірі онкологиялық орталық болады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, онкологиялық аурулармен күрес бойынша кешенді жоспар әзірленді, оны жүзеге асыруға 35,1 млрд теңге бөлінді.

Бұдан басқа, Қазақстанда сүт безі обырын, жатыр мойны обырын, өңеш және асқазан обырын, бауыр обырын, колоректалды обырды ерте анықтау үшін ақысыз скрининг жүргізіледі. Онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында ерлер мен әйелдерге арналған тексеру кабинеттері ашылды, олардың саны 539-дан 1284-ке дейін артты. 5 жоғары мамандандырылған радиациялық онкология орталығы, иммуногистохимия зертханалары, онкоорталықтар диагностикалық жабдықтармен жабдықталған, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер де бар. Өткен жылдан бастап Қазақстандағы онкологтар Еуропалық медициналық онкология қоғамының (ESMO) ұсынымдары бойынша жаңартылған хаттамалар мен стандарттарға сәйкес жұмыс істейді. Сонымен қатар, Біртанов мұндай жетістіктерге қарамастан, әлі де жұмыс істеу керектігін атап өтті. Мысалы, халық арасындағы ақпарат әлі де төмен болып отыр. Ел тұрғындарының тек 25% ғана онкологиялық ауруларға қарсы скринингтен өтеді, демек, обыры бар пациенттердің 23% онкологиялық аурулардың ерте кезеңдерінде диагностикаланады. Ведомство басшысы онкологиялық ауруларды ерте кезеңде емдеу оңайырақ екенін айтті.

- Азаматтардың өз денсаулығына деген әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, денсаулықты нығайту және ауруларды ерте анықтау бойынша жұмыстарды белсенді жүргізу қажет, - деді ол.

Ал медициналық қызметкерлердің, оның ішінде онкология саласындағы әлеуетін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бас дәрігер Е. Біртанов ауылды жерлердегі МСАК дамуына көмектесетін жас дәрігерлерге ерекше алғыс білдірді.

Министр онкологиямен күрес бойынша тағы бірқатар ұсыныс жасады. Атап айтқанда, алдағы 2 жылда ПЭТ орталықтарын ашу, ядролық диагностиканы дамыту; телепатология және телеконсультация жүйесін дамыту; оңалтуды және паллиативтік көмекті дамыту; дербестендірілген молекулалық-генетикалық тестілеуді енгізу; онкологияда емдеудің инновациялық әдістерін енгізу; сәулелік терапия паркін жаңарту жоспарланған. Онкологиялық қызметті қоса алғанда, жаппай денсаулық сақтау қызметтерімен қамтамасыз ету шараларын кеңейту үшін 2020 жылдың қаңтарынан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілуде. МӘМС медициналық қызметтердің қолжетімділігін, сапасын арттыруға және бейресми төлемдерді төмендетуге ықпал етеді. Еліміз бойынша МСАК және қоғамдық денсаулық сақтау деңгейінде обырмен күресті қаржыландыру көлемін арттыру міндеті тұр. Бұл обырдың, сондай-ақ басқа да жұқпалы емес аурулардың алдын алуды және ерте анықтауды ынталандыратын болады.

- Онкологиямен күреске мемлекет пен үкімет басшыларының назарын аудару өте орынды. Бұл іс-шара жаһандық деңгейде ықпалды тұлғалар мен қатерлі ісікке қарсы күрес саласындағы әлем көшбасшылары өзекті мәселелерді талқылай алатын көрсетті, - деп қорытындылады Е. Біртанов.

Дүниежүзілік саммит аясында қатысушылар онкологияны анықтаудың түрлі тәсілдерін талқылап қана қоймай, обырға қарсы күреске қосқан зор үлесі үшін марапаттау, «Обыр атласы» үшінші басылымын іске қосу және Меморандумға қол қою рәсімі өтеді деп күтілуде.