Қазақстанда ұлттық тұтынушылар қауымдастығы құрылады

0
600

​Үкімет басшысы қоғамдық ұйымдар бірлестігін құру ұсынысын қолдап, бұл жұмысты жыл соңына дейін аяқтау қажеттігін айтты.


Қазақстанда ұлттық тұтынушылар қауымдастығы құрылады

ERNUR.KZ. Қазақстанда барлық қоғамдық ұйымды біріктіретін ұлттық тұтынушылар қауымдастығын құру жоспарланып отыр. Бұл туралы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді, деп sputniknews.kz.

Министр үкіметтің қарауына Қазақстандағы тұтынушылардың құқығын қорғау жүйесін түбегейлі жаңа деңгейге көтеретін бірқатар жаңа бастама ұсынды. Соның бірі – ұлттық тұтынушылар қауымдастығы.

"Тұтынушылардың барлық қоғамдық ұйымын біріктіретін, өңірлерде кең таралған өкілдіктері бар Ұлттық тұтынушылар қауымдастығын құру мүмкіндігін қарастырған жөн. Екіншіден, үкіметтік емес ұйымдардың негізінде омбудсмен институтын құру керек", – деді Сұлтанов үкімет отырысында.

Бұдан бөлек, тұтынушылар құқығын қорғау саласындағы қоғамдық бірлестіктерді министрліктер мен әкімдіктер жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың құрамына қосу ұсынылды.

Мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ, квазимемлекеттік ұйымдардың қызметтерін бағалау көрсеткіштеріне, яғни KPI, тұтынушылар тарапынан қанағаттану мен олардың жұмыстарына сенім деңгейін енгізу жоспарланып отыр.

Үкімет басшысы Асқар Мамин қоғамдық ұйымдардың бірлестігін құру қажеттілігі туралы ұсынысты қолдап, бұл жұмысты жыл соңына дейін аяқтау қажет екенін айтты.

Сауда министрлігі мен ұлттық кәсіпкерлер палатасына үкіметтік емес ұйымдар базасында тұтынушыларды қорғау бойынша омбудсмен институтын енгізу мәселесін пысықтау жүктелді.

Премьер-министр сауда министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, Тұтынушылардың мүддесін қорғаудың біртұтас жүйесін жасау үшін тиісті іс-шаралар жоспарын әзірлеп, 1 қарашаға дейін енгізуді тапсырды.