Қазақстанда жастардың үштен бір бөлігінде темір тапшылығы байқалған

0
665

​19 бен 25 жас аралығындағы пациенттердің әрбір төртіншісінде темір тапшылығы байқалған.


Қазақстанда жастардың үштен бір бөлігінде темір тапшылығы байқалған

ERNUR.KZ. Ағзадағы темір мөлшерін білу үшін 211 500 адам қан тапсырған. Олардың 25% темір тапшы екені анықталды, деп жазады Stan.kz.

2021 жылы сараптама үшін 211 500 адам қан тапсырған. Олардың 74% әйелдер, 26% ерлер екен.

"Қаралғандардың 25% темір тапшылығы анықталды. Жыныс бойынша ерекшелік қатты білінбейді. Бірақ адамдардың жасына байланысты айтарлықтай айырмашылық бар", - деп хабарлады "ҚДЛ ОЛИМП" ЖШС бас директоры Ерлан Сүлейменов.

Маманның айтуынша темір тапшылығы байқалған пациенттердің көпшілігі 19-25 жас аралығында екен. Олардың үштен бірінде микроэлемент жетіспеушілігі бар. Темір тапшылығы 0-7 жастағы балаларда сирек кездеседі дейді.

19-25 жас аралығындағы жастардың көпшілігі студенттер екені белгілі. Олардың арасында темір тапшылығының кең таралуы дұрыс тамақтанбаудан болуы мүмкін. Аталмыш пациенттерге құрамында темір көп мөлшерде кездесетін тағамдар (ет пен ет өнімдері) мен темірдің сіңірілуін жақсартатын өнімдерді (С дәрумені бар жемістер мен көкөністер) көбірек жеуге кеңес береді. Ал темір сіңірілуін тежейтін өнімдерді (кофе, шәй) аз тұтыну қажет

Темір – адам ағзасы үшін өте маңызды микроэлемент. Оның адам ағзасында жетіспеуі гемоглобиннің түзілуін баяулатады.

"Гемоглобин оттегінің мүше және тін жасушаларына жеткізілуін қамтамасыз етеді. Гемоглобин жеткіліксіз болғанда аталмыш функция бұзылады. Бірте-бірте ауыр созылмалы дерттерге әкеп соғатын патологиялық процестер басталады. Сондықтан темір тапшылығын міндетті түрде емдеу керек", - дейді Ерлан Сүлейменов.

Темір тапшылығы кезінде адамда әлсіздік, бастың ауруы, айналуы, жүрек соғысының жиілеуі, демігу, ауыр затты көтере алмау, тәбеттің және жұмыс пен оқу қабілетінің төмендеуі, терінің құрғауы, шаштың түсуі байқалады.

Жаңа туған нәрестелерде темір тапшылығы анасының жүктілік кезіндегі және оған дейінгі анемиясы салдарынан болуы мүмкін. Сонымен қатар баланың тез өсу кезеңі, жүктілік және бала емізу секілді кезеңдерде ағзадағы микроэлементтер көптеп шығындалады. Бұл темір мөлшерінің азаюына әкеп соғады.

Асқазан-ішек аурулары кезінде де микроэлемент сіңірілуі бұзылып, темір тапшылығына себепші болады.