Қазақстанда жиһаз күрт қымбаттауы мүмкін

0
464

​Бұған Ресейдің шектеу шаралары кесірін тигізгелі тұр.


Қазақстанда жиһаз күрт қымбаттауы мүмкін

ERNUR.KZ. Елімізде екінші жыл қатарынан жиһаз қарқынды түрде қымбаттауда. Салалық қауымдастық пен кәсіпкерлер шағым айтып, Үкімет мүшелеріне жүгінді. Олардың айтуынша, шетелден тасылатын, осы өнімді жасау үшін қажетті материалдар азайып кеткен, ал елге жеткізілгені қымбаттады. Салдарынан, қазақстандықтар енді баға қымбатшылығы сыртында тауар тапшылығына душар болуы ықтимал, деп жазады inbusiness.kz.

Қынжылтатыны сол, тәуелсіздік жылдарында мемлекет осы салада импорталмастыруға сол бойы қол жеткізе алмады. Сөйтіп, бүгінде бұл индустрия толығымен дерлік шикізат импортына тәуелді. Дайын жиһаздың сан түрі де, сондай-ақ материалдары да негізінен көрші Ресейден, ішінара Беларустен тасылады. Заң бойынша мемлекеттік органдарға шетелдік жиһазды сатып алуға тыйым салынған. Алайда билік алып жатқан «отандық өнімдер» басым көпшілігінде Ресейден әкелініп, еліміздегі цехтарда құрастырыла салады.

Енді Ресей Үкіметі өз қаулысымен ДСП, МДФ және басқа да жиһаз жасауда бірінші кезекте керекті материалдарды шетелге сатуға шектеу енгізуде. Себебі, солтүстік көршіде қазіргі кезде «ипотекалық бум» жүріп жатыр. Бұған қоса, В.Путин биылғы 21 сәуірдегі жолдауында Үкіметке жыл сайын шамамен 120 миллион шаршы метр жаңа баспананы іске қосуды жүктеді.

Салыстыру үшін айтсақ, 2020 жылы Ресейде 80 млн шаршы метр тұрғын үй салыныпты. Осының бәрі көршіде жиһазға деген дүрбелеңді сұраныс тудырып отыр. Ресейлік жиһаз фабрикалары толық қуаттылықта жұмыс істеуде. Оларға материалдар жетпей жатыр. Демек, РФ Үкіметінің жаңа қадамы ең алдымен өз фабрикаларын шикізатпен қамтуға бағытталған. Бұл жағдай осы салада Ресейге қатты тәуелді Қазақстанға қиын тиді. Отандық өндірушілер осыны ескертіп, өткен жылдан бері дабыл қаға бастады. Өздерінде сұраныс ғаламат деңгейге жеткендіктен, былтырғы күзден бері ресейлік біраз жеткізуші қазақстандық нарықтан теріс айналыпты. Ал жеткізілімдерін жалғастырған компаниялар тауар бағасын қымбаттатып жіберген. Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Қанат Ибраевтың мәліметінше, материалдар былтырдан бері екі есеге жуық көтеріліп шыға келген. Ары қарай өсуде. Соңғы жылда материалдарды жеткізу орта есеппен 10 мың тоннаға кеміген. Жиһаз жасаушы ірі компаниялардың өзі мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектор ұйымдарының тапсырыстарын уақытылы орындай алмау тәуекеліне жолыққан.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елде қазір жиһаз қымбаттауда. Ең жоғарғы өсім – Нұр-Сұлтанда: бір жыл ішінде баға бірден 20,5%-ға көтерілген. Одан кейінгі орында – Маңғыстау облысы (10,1%) және Атырау (8,4%) облыстары тұр. Отандық жиһаз өндірісі 2020 жылы 27%-ға құлдырады. Биыл да өсім күтілмейді. Шикізат пен материалдардың тапшылығы кесірінен қазақстандық нарықтан шетелдік ірі инвесторлар бас тартуда.