Қазақстандық әйелдер мен балалардың терроризмге қатысы бар-жоғы анықталуда

0
1 309

Сириядағы қазақстандықтардың терроризмге қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр


Қазақстандық әйелдер мен балалардың терроризмге қатысы бар-жоғы анықталуда

ERNUR.KZ. Сирия аумағының Түркиямен шекаралас жерінде Қазақстан азаматтары балаларымен қалып қойғаны туралы жағдайға байланысты сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді мәлімдеме жасады, деп жазады Tengrinews.kz.

"Алты әйел және 16 бала, Қазақстан азаматтары, сегіз ай бойы Сирияда босқындарға арналған лагерьде жатыр, - деп жазды журналист Асхат Ниязов Facebook желісіндегі парақшасында.

"Маған Сирияда өмір сүріп жатқан қазақстандықтар хабарласты. Олар көмек сұрайды. Түркиямен шекаралас аумақтағы босқындарға арналған лагерьде тұрып жатыр екен. Жатқандарына сегіз ай болыпты. Неге оларға Қазақстанға келуіне көмектеспеске? Әрине, оларды онда баруға ешкім итермелеген жоқ, бірақ олар күйеулерінің артынан барды. Күйеулерінің барлығы қаза болған. Енді олар не істемек? Бәлкім, соғысуға баратын шығар. Ал біздің қазақстандық балалар осындай жағдайда өмір сүруі керек пе?", - деп жазды Ниязов.

Журналистердің сұрағына жауап берген Мұхтар Тілеуберді Сирия мен Ирактағы Қазақстан азаматтарын және олардың балалары қайда өмір сүріп жатқанын анықтап, елге қайтару жұмыстары жүріп жатқанын айтты.

"Біздің Иорданиядағы елшілік пен Ливандағы бас елшілік қызметкерлері біздің азаматтардың қайда жүргенін анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр деген мәлімет бар. Сонымен қатар, сонда жүрген адамдардың ата-анасына өтініштер алып жатырмыз. Бұл жұмысты тек қана СІМ жүргізіп жатқан жоқ, сондай-ақ арнайы қызметтер, Қорғаныс министрлігі және ІІМ мамандары жұмылдырылған. Егер оларды алып қайтатындай мүмкіндік туса, ұшақ бөлінеді", - деді министрдің орынбасары.

Сонымен қатар, оның айтуынша, қазақстандықтарды Сирия мен Ирак билігі арнайы тексерістерді жүргізіп, олардың терроризмге қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. "Кейбір әйелдердің балалары бар. Біз олардың лаңкестік шараларға қатысы бар-жоғы туралы айтпаймыз. Бізге тек ата-анасының рұқсаты керек. Олар бізге балаларды алып кетуімізге рұқсат беруі керек, ал өздері тексеріс аяқталғанға дейін сонда болады", - деді Тілеуберді.