Қазақстандық кинофильмдер халықаралық 11 жүлдені жеңіп алды

0
1 265

Қазақстандық кино күндері Италияда, Эстонияда және өзге де елдерде ұйымдастырылды


Қазақстандық кинофильмдер халықаралық 11 жүлдені жеңіп алды

ERNUR.KZ. ҚР Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы бойынша жұмыс тобының Ұлттық отырысында отандық кинокартиналар қол жеткізген нәтижелер туралы айтып берді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Театр мен кино әрдайым қазақстандық мәдениеттің маңызды аспектілері болды, сондықтан түрлі форматтағы шаралар кешенін ұйымдастырдық. Олардың ішінде қазақстандық опера және балет труппаларының белсенді гастрольдік қызметі де бар. «Astana opera», Абай атындағы опера және балет театры, «Астана балет» және басқа да ұжымдар Еуропа мен Азия елдерінің көрермендерін ұлттық опера қойылымдарымен таныстырып жүр», - деді Аида Балаева жұмыс тобының отырысында.

Оның айтуынша, 2018 жылы Қазақстан халықаралық аренадағы түрлі кинофестивальдерге белсене қатысты.

«Биыл Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 71-ші Канн кинофестивалінде Қазақстан павильоны ашылды. Онда «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің таныстырылымы өтті, сондай-ақ бірқатар қазақстандық фильмдердің трейлерлері көрсетілді. Жыл басынан бері «Қазақфильм» АҚ 18 фильмі 14 халықаралық кинофестивальге қатысып, 11 жүлде жеңіп алды», - деді бөлім меңгерушісі.

Ол «Анаға апарар жол» фильмінің Нью-Йорктегі WeLink Халықаралық кинофестивалінде «Үздік көркем фильм» жүлдесін жеңіп алғанын еске салды. Мәдениет министрлігінің тапсырысымен және меценаттардың қолдауымен түсірілген «Әміре» фильмі Silver screen film (Сильвер скрин фильм) марапатын алды және Голливудтағы кинофестивальдің ақтық сынына шықты.

«Қазақстандық кино күндері де жақсы нәтиже беруде. Биыл қазақстандық кино күндері Италияда, Эстонияда және өзге де елдерде ұйымдастырылды», - деп өз сөзін түйіндеді А.Балаева.