Қазақстандық оқушылар халықаралық білім додасында үздік атанды

0
1 239

Олимпиадаға әр елден келген 500-ден астам дарынды оқушылар қатысты.


Қазақстандық оқушылар халықаралық білім додасында үздік атанды

Елімізде оқушылар арасында математика, физика және информатика пәндері бойынша XV Халықаралық Жәутіков олимпиадасы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ studentmedia.kz порталына сілтеме жасап.

Оқушылар арасында физика-математика ғылымдарын дәріптеуге, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған додаға Ресей, Түркия, Индонезия, Болгария, АҚШ, Румыния, Сербия, Өзбекстан және т.б. әлемнің 18 елінен келген 538 дарынды балалар қатысып, 5 күн бойы білімдерін сынады. Ал, Қазақстанның атынан әр өңірден келген 23 команда қатысты.

Додада математика пәні бойынша 91 медаль (20 алтын, 26 күміс және 45 қола), физика пәні бойынша 71 медаль (15 алтын, 21 күміс және 35 қола) және информатика пәні бойынша 74 медаль (14 алтын, 23 күміс және 37 қола) тігілді. Олимпиаданың бір ерекшелігі — командалардың өзін көрсету нәтижелері бойынша қорытынды жасалуы.

Аталған білім сайысында қазақстандық оқушылар математика пәні бойынша білімдерін дәлелдеп, 9 алтын, 23 күміс және 43 қола медалді қанжығаларына байлады. Ал, жеке рейтинг бойынша математикадан болгариялық, физикадан ресейлік, информатикадан грузиялық оқушы топ жарды.

Сондай-ақ, гран-при жүлдесі командалық есепте Челябі қаласының №31 лицейінің оқушыларына бұйырса, бірінші орынды Жәутіков атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған физика-математика мектебі иеленді.