Қазақстандық жазушылардың кітаптары АҚШ-та шығады

0
976

Кітаптың мақсаты - балаларды кітап оқуға, қазақ мәдениетіне, тіліне баулу, Қазақстанның әдет-ғұрыптары, аймақтары, тарихы, көрікті жерлері, ел аңыздары туралы қызықты әңгімелеу.


Қазақстандық жазушылардың кітаптары АҚШ-та шығады

ERNUR.KZ. Қазақстандық жазушылар Зира Наурызбаева мен Лилия Калаус Бату туралы трилогияны басып шығаруға Amazon Publishing баспасымен келісім жасасты, - деп жазады Tengrinews.kz.

"Мен америкалық Amazon Publishing баспа үйінен құттықтау алдым. Жақында Лилия Калаус екеуміз осы баспа авторлары боламыз. Жаңа ғана Амазонның балалар бөлімімен келісімге отырдық. 2022 жылы Бату мен оның достары алтын тостағанды АҚШ-та ағылшын тілінде іздейтін болады. Шынымды айтсам, бұл жобаны қазақстандық балаларға арнап бастаған едім. Біздің мәдени ерекшеліктерімізді көрсететін кітаптар шетелдік оқырманға қызықты болады деп ойламаппын. Кезінде Лилия екеуміз кітаптың бірінші бөлімінің қазақ тіліне аударылуын қаржыландырдық. Қалған екі кітапты да аудару мүмкіндігі болады деп үміттенемін", - деп жазды Зира Наурызбаева әлеуметтік желідегі парақшасында.

Кітаптың мақсаты - балаларды кітап оқуға, қазақ мәдениетіне, тіліне баулу, Қазақстанның әдет-ғұрыптары, аймақтары, тарихы, көрікті жерлері, ел аңыздары туралы қызықты әңгімелеу.

Бату мен оның достарының оқиғалары - шытырман оқиғалы повестер. Онда заманауи қазақстандық балалар сиқырлы қазақ мифологиясы әлеміне сапар шегеді. Кітап кейіпкерлері - алматылық бесінші сынып оқушылары.

Бірінші кітап "Алтын тостағанды іздеу: Бату мен оның достарының бастан кешкендері" деген атаумен ШҚО-ға, Дегелеңге, Қоңыр әулие үңгіріне барады. Екінші кітапта Барсакелмеске, үшінші кітапта Айдала еліне сапар шегеді.