Қазақстандықтар ақшаны қай мемлекеттерде сақтайды

0
1 426

Қазақстандықтар шетелде тапқан табыстары мен активтерін көрсетуі тиіс.


Қазақстандықтар ақшаны қай мемлекеттерде сақтайды

ERNUR.KZ.ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандықтардың шетелдегі активтеріне қатысты ақпаратты жариялады, деп жазады ҚазАқпарат.

Салық салу әдістемесі бойынша департамент директоры Қайрат Жолмұxамбетовтың айтуынша, қазіргі заңнама аясында 240-шы декларация қарастырылған. Оған сәйкес, қазақстандықтар шетелде тапқан табыстары мен активтерін көрсетуі тиіс.

«Мәселен, өткен жылы аталған декларацияны 68 мыңнан астам адам толтырды. Олардың ішінде 27 мың адам ақшаны рәсімдеді. Оның жалпы сомасы 820 миллиард теңгеден асты. Бұл ақша 108 елдің банктерінде жатыр. Негізгі мемлекеттер ол – Сингапур, Швейцария, Ливан, Оңтүстік Корея, Ресей және тағы басқалар», - деді Қ.Жолмұxамбетов Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның айтуынша, шетелдегі ақшадан бөлек жылжымайтын мүлікке қатысты декларациялар да тапсырылды. Қазақстандықтар 69 мемлекеттегі 12 мың жылжымайтын мүліктерін рәсімдеді. Аталған мүліктің басым бөлігі Ресей, Болгария, Түркия, Испания, Ұлыбритания, АҚШ, Франция және тағы басқа елдерге тиесілі.

«Осы орайда айта кеткен жөн, 240-шы декларацияда жылжымайтын мүліктің сомасын көрсету міндеті жоқ. Сондықтан нақты соманы айта алмаймын», - деп атап көрсетті Қ.Жолмұxамбетов.