​Қазақстандықтар кітап оқудан артта қалды

0
771

Елімізде білім және ғылым саласына қарасты 7096 кітапхана жұмыс істейді.


​Қазақстандықтар кітап оқудан артта қалды

Қазақстандық оқушылардың сауаты Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердегі қатарластарынан төмен. Тіпті, едәуір артты қалып қойыпты, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Зерттеу нәтижелері туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.
«Ересек адамдардың құзыретің бағалау жөніндегі халықаралық бағдарламаның (PIAAC) зерттеуінің қорытындысы бойынша еліміздегі 16-дан бастап 55 жасқа дейінгі азаматтардың да оқу сауаттылығы нашар болып шықты. Яғни, өкінішке орай, еліміздегі ересек азаматтардың да оқу сауаттылығы төмен деңгейде. Бұл бүгін ғана белгілі болған проблема емес, жылдар бойы қордаланған мәселе. Біздің балаларымыз кітапты оқуға келгенде жалқаулық танытатыны бір бөлек, кейде оқыған мәтінді нашар түсініп, дұрыс қабылдай алмайды. Оған қоса талдау және қорытынды жасау дағдылары да ақсап тұр. Бұл шын мәнінде ұлттың бәсекеге қабілеттілігіне әсер ететін үлкен проблема», дейді Асхат Аймағамбетов.

«Психолог-лингвистермен тығыз жұмыс жасап, олардың зейініне олардың қабылдауына лайықталып берілетін болады. Оның ішінде тіпті сөйлемдердің күрделі болып кетпеуі де қадағаланып отырады. Баланың шаршап қалмауы, оны қызықтырып отыру яғни осындай тұстардың бәрі қарастырылып алдағы уақытта енді балаларды өзіне тартып тұратын қызық бір кітаптар болады деп бір сенім артып жатырмыз», дейді "Оқулық" Республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары, Абылайхан Қалназаров.

Мәселеге параллель бір мысал. Бұл Беказада Байдалы. 5 сыныптың оқушысы. Мектеп бағдарламасындағы шығармалар былай тұрсын, әлемдік романдарды шетінен кеміріп жатқан жеткіншек. Тау-тау болып жатқан кітаптар оның ұмтылысына анық дәлел.

«Анам кішкентай кезімнен кітап оқып беретін. Ал өзімнің кітапқа талпынысым бірінші сыныпта басталды. Үлкен әдептілік әлемі деген кітап болатын. Соны оқи беретінмін қайта-қайта. Түсінікті. Бірақ кейбір кезде қиын болады. Бірақ кітап оқығанда үйреніп қаласың», дейді оқушы, Бекзада Байдалы.

Бекзаданың анасы бәрі баланы еліктіруден басталады дейді. Ғазиза Құдайберген ертегінің өзін қойылым қылып түсіндіріп, баласын кітап әлеміне ғашық қылыпты.
«Әртүрлі ойыншықтардан персонаждар жасап аламыз. Арнайы уақыт бөлеміз. Баланың қызығушылығын арттыру керек. Кішкентай күнінен сіңірсе, өзің кітап оқып отырсаң. Соны көріп өскен бала ешқайда бармайтын сияқты. Кітапханаға жиі апару керек. кішкентай күніненде түрлі түсті суретті қызықты, қысқа кітаптардан бастау керек. Баланы жалықтырып алмайтындай. Әрі қарай өзі алып кетеді», дейді Бекзаданың анасы, Ғазиза Құдайберген.
Елодадағы маңдайалды кітапханаға бет алдық. Мұндағы мамандар оқырмандардың қарасы азайған емес деп отыр. Талғам да сұраныс та жоғары екен.

«Ол енді мына ғаламтордың болғанына байланысты шығар деп ойлаймын. Мен бірақ оған өзім сенбеймін. Өйткені, бізге оқырмандар үзілмей келіп жатады. Сұраныстары, талғамдары өте жоғары. Сол себепті мен қосыла алмаймын. Студенттер және зейнеткерлер, жас аралық оқушылар келіп жатады», дейді Ұлттық академиялық кітапханасының қызметкері, Ұлжан Өмірәлиева

Кішігірім дерек. Елімізде білім және ғылым саласына қарасты 7096 кітапхана жұмыс істейді. Мектептерде 6461, колледждерде 579, жоғары оқу орындарында 56. Бұған республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханаларды қосыңыз. Яғни, ұсыныс бар, бастысы жұрттың сұранысы артса болғаны.