Қазақстандықтар күніне 30 мың литр энергетикалық сусын ішеді

0
792

Оның 80 пайызы жасөспірімдерге тиесілі.


Қазақстандықтар күніне 30 мың литр энергетикалық сусын ішеді

ERNUR.KZ. Энергетикалық сусындар балалар денсаулығына зиян. Еліміздегі диетологтар осылай деп дабыл қағуда, деп жазады 24.kz.

Оның саудасын шектеу қажет дейді қоғам өкілдері. Өйткені соңғы жылдары балалар арасында қант диабеті мен асқазан-ішек аурулары өршіп барады. Қазақстандықтар күніне 30 мың литр энергетикалық сусын ішеді. Оның 80 пайызы жасөспірімдерге тиесілі. Зиянды сусын небір тәтті тағам, фаст-фуд мектеп жанындағы дүкен сөрелерінде самсап тұр. Оны кез келген оқушы кедергісіз сатып ала алады.

"Ол біріншіден жүйке жүйесін қоздырып, түрлі ауруларға алып келуі мүмкін. Баланың оқуы нашарлап кетуі мүмкін. Және де жүрек қан тамыры аурулары пайда болады. Оның ішінде тек қана кофеин, қант болмайды, түрлі консерванттар, дәмдеуіштер болады. Бұл кішкентай баланың организміне өте зиян. Сондықтан ата-аналар балаларын қадағалап, қандай тағам жейді, қандай сусын ішеді, барлығын өз қадағалауына алуы керек", - дейді нутрициолог Алтынай Қасымханова.

Қазақстанда 6 мен 9 жас аралығындағы балалардың 20,6 пайызында артық салмақ бар. Соңғы 5 жылда 15 жасқа дейінгі балалардың қант диабетіне шалдығуы 45 пайызға өскен. Бұл дерек – 2020 жылы елімізде жүргізілген ұлттық зерттеудің нәтижесі дейді Қоғамдық денсаулық сақтау орталығының өкілдері.

"Балаларымыздың денсаулығына, дұрыс тағам пайдалануына, дұрыс тамақтану әдетіне мән беріп, ата-аналарымыз қалыптастырса дейміз. Өйткені әрбір бала өзінің ата-анасынан үлгі алады. Қазір бәрі тиын береді ғой, қарны ашып қалмасын деп, сол кезде оның орнына үй тамағын беру, жеміс-жидектерді, көкөністерді, ағзаға пайдалы тағамдарды берсе дейміз", - дейді ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының бөлім басшысы Салтанат Назарова.

Елімізде білім беру ұйымдарынан 100 метрге дейінгі аумақта ішімдік сатуға салынған тыйым 2015 жылы күшін жойған. Энергетик сусындардың саудасы да реттелмейді. Бүгін әлем елдері оның жас ағзаға зиянын ескеріп, шектеу енгізген дейді қоғам белсенділері.

"Әлем елдері мен Америкадағы сияқты біздің елде де энергетикалық сусындарды 21 жастан бастап сату дұрыс болар еді. Бұл жаста адам саналы түрде таңдау жасауға қауқарлы. Меніңше, энергетикалық сусындар адам ағзасына алкогольді сусындармен тең дәрежеде зиян тигізеді. Жария айтылмағанымен, шын мәнінде солай", - дейді қоғам белсендісі Гүлнар Омарова.

Қазақстанда «Дені сау ұлт» жобасы аясында 2025 жылға дейін тәтті сусындарға акциз енгізу көзделген. Бұл үлкен жетістік болар еді дейді сала мамандары. Әзірше, халқы дұрыс тамақтанбайтын 21 елдің ішінде 9-орында тұрмыз.