Қазақстандықтар ресейлік ЖОО-ға магистратураға бюджеттік негізде оқуға түсе алады

0
553

Магистратура студенттері Үлкен Алтай халықтарының этнографиясын, халықаралық және өңірлік интеграциялық процестерді, көркем мәдениет пен өнердің тарихын зерделейді.


Қазақстандықтар ресейлік ЖОО-ға магистратураға бюджеттік негізде оқуға түсе алады

ERNUR.KZ. Қазақстандық түлектер Ресейдің ірі жоғары оқу орындарының біріне бюджеттік негізде оқуға түсе алады. Алтай мемлекеттік университетінің "Үлкен Алтай" Алтайтану және түркітану ғылыми-білім беру орталығы (АлтМУ "Үлкен Алтай" ҒБО) 2022 жылы "Түркі әлемінің этномәдениеті: арт-практикалар мен креативті индустриялар" магистрлік бағдарламасында тоғыз бюджеттік орын ашылғанын хабарлады, деп жазады sputnik.kz.

ЖОО баспасөз қызметі хабарлағандай, магистрлік бағдарламаға арналған алғашқы іріктеу 2021 жылы өтті. Қазір әлемнің түрлі елінен келген 20 азамат, соның ішінде алты студент түркі әлемінің этномәдениетін меңгеріп жатыр.

"Менің Орталық Азия мен Қазақстанның мәдени мұрасы бойынша практикалық тәжірибем үлкен. Себебі мен түсірген әрбір фильм тарихпен, этнографиямен, салт-дәстүрмен байланысты. Дегенмен маған теориялық ғылыми база жетіспеді. Ал Алтай мемлекеттік университетінің магистратурасындағы ғылыми-зерттеу қызметі жинақтаған тәжірибемді пайдалану мен жаңа кәсіби деңгейге жетуге тамаша мүмкіндік болып отыр", - деді АлтМУ магистранты, Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын қорғау жөніндегі үкіметаралық комитеттің мүшесі, документалист-режиссер Алексей Каменский.

АлтМУ магистранты, Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын қорғау жөніндегі үкіметаралық комитеттің мүшесі, документалист-режиссер Алексей Каменский

Магистратура студенттері Үлкен Алтай халықтарының этнографиясын, Шығыс және Орталық Азиядағы Ресей саясатын, халықаралық және өңірлік интеграциялық процестерді, халықтық көркемөнер мәдениетін, материалдық мәдениет нысандары мен көркем құндылықтарды қалпына келтіру және сақтауды, көркем мәдениет пен өнердің тарихын, заманауи сәндік өнердегі маңызды тәжірибелерді, сондай-ақ заманауи цифрлық технологиялар және тағы басқа бағыттарды меңгеріп жатыр.

"Бағдарламаның халықаралық мәртебесі басқа елдердегі әріптестермен "түркі әлемінің бірыңғай мәдени кеңістігі" ұғымы бойынша жаңа деңгейге шығуға мүмкіндік береді", - дейді Каменский.

Бағдарлама Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен бірлесіп дайындалған. Студенттер пәндерді (модульдерді) екі жоғарғы оқу орнында меңгеретіндіктен, олар оқудағы жоғарғы нәтиже бойынша екі диплом алу мүмкіндігіне ие.

"Магистратура бағдарламасының негізінде Үлкен Алтай өңірінің мәдениетіндегі түркі кодтарын зерттеу мәселесі жатыр. Оқу барысында студенттер гуманитарлық және мәдениетаралық өзара әрекеттестік, Орталық Азия халықтарының көркем мұрасын насихаттау саласындағы маңызды жобаларды дайындап, жүзеге асыра алады. Болашақ магистранттар Ресей мен Қазақстандағы жетекші ғалымдарынан құралған халықаралық топтың басшылық етуімен жұмыс істейді", - деді бағдарламаны әзірлегендердің бірі, өнертану ғылымдарының докторы, АльМУ Гуманитарлық ғылымдар институтының директоры Лариса Нехвядович.

Алтай мемлекеттік университетінің оқытушыларынан бөлек студенттермен РФ Мәдениет министрлігінің мәдени құндылықтар жөніндегі сарапшысы, өнертану ғылымдарының кандидаты, икон жазатын шеберхана реставраторы Галина Булгаева, Ресей ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ирина Октябрьская, педагогика ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы жанындағы Материалдық емес мәдени мұраларды қорғау ұлттық комитетінің сарапшысы, Мәдени мұра, Орталық Азиядағы мәдениетаралық шығармашылық білім беру жөніндегі ЮНЕСКО обсерваториясының (ALMOCA) сарапшысы Жанерке Шайғозова және тағы басқа мамандар жұмыс істейді.

"Түркі әлеміндегі этномәдениеттану: арт-практикалар және креативті индустриялар" атты магистратура бағдарламасы Ресей Федерациясының ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен "Үлкен Алтайдағы түркі-моңғол әлемі: тарих пен қазіргі замандағы ұқсастық пен алуантүрлілік" жобасы аясында жүзеге асырылды.

Сонымен қатар 2022 жылы "Үлкен Алтай" жобасы аясында тағы бес магистрлік бағдарламаға іріктеу басталады. Олар: "Үлкен Алтай медиа кеңістігінің әлеуметтік қауіпсіздігі", "Орталық Азиядағы кеңістік аналитикасы және табиғатты пайдалануды басқару", "Орталық Азиядағы трансшекаралық сауда: менеджмент және маркетинг", "Солтүстік және Орталық Азия өңірлерінің тұрақты дамуына арналған деректерді талдаудың цифрлық технологиялары" және "Түркітану".