Қазақстаннан шыққан ғарышкер дүниеден озды

0
540

В​ладимир Шаталов 1943 жылы Петропавлда 8-сыныпты бітіріп, Воронеж қаласындағы Әскери-әуе күштерінің арнайы мектебіне түсті.


Қазақстаннан шыққан ғарышкер дүниеден озды

ERNUR.KZ. Петропавл қаласында туған танымал ұшқыш-ғарышкер Владимир Шаталов 94 жасында дүниеден озды, деп жазады Sputnik Қазақстан.

"Бүгін, 15 маусымда екі мәрте Кеңес одағының батыры, КСРО ұшқыш-ғарышкері Владимир Александрович Шаталов 94 жасында өмірден өтті", - делінген "Роскосмос" компаниясы таратқан хабарламада.

Владимир Шаталов 1927 жылы 7 желтоқсанда Петропавл қаласында дүниеге келген. Ал балалық шағы Ленинградта (қазіргі Санкт-Петербург) өтті. Сол жерде мектепке барып, авиамодель үйірмесіне қатысқан.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда Владимир алтыншы сыныпты бітірді. Содан Ленинград түбінде қорғаныс бекіністерін тұрғызуға көмектесті. Артынан бір жарым айдан кейін туған жері – Петропавл қаласына отбасымен бірге эвакуацияланды.



1943 жылы ол Петропавлда 8-сыныпты бітіріп, Воронеж қаласындағы Әскери-әуе күштерінің арнайы мектебіне түсті. Оны 1945 жылы тәмамдады. 1949 жылы Качин әскери-әуе училищесін, ал 1956 жылы Әскери-әуе академиясын аяқтап шықты. Сол екі арада Качин училищесінде ұшқыш-инструктор болып жұмыс істеді. Ал 1956-1961 жылдары эскадрилья командирінің орынбасары, эскадрилья командирі, әуе полкы командирінің орынбасары болды.

1969 жылы 14 қаңтарда Владимир Шаталов "Союз-4" кемесімен алғаш рет ғарышқа атанды. Ол бірінші болып "Союз-5"-пен түйісуді іске асырды. Оның қатысуымен эксперименттік ғарыш станциясы құрылып, Алексей Елисеев пен Евгений Хрунов ашық ғарыш арқылы "Союз-5"-тен "Союз-4" кемесіне өтті. Сөйтіп, аман-есен елге оралды.

1969 жылы 13-18 қазан аралығында Владимир Шаталов "Союз-8" кемесінің командирі ретінде ғарышта екінші рет болды. Артынан "Союз-6" мен "Союз-7" ұшырылды. Осылайша, ғарышкерлер тағы бірнеше эксперимент жасады.

Ал 1971 жылы 23-25 сәуір күндері Владимир Александрович үшінші рет ғарышқа ұшты. Ол кезде "Союз-10" кемесінің командирі болды. 24 сәуірде әлем бойынша алғаш рет "Салют" орбиталық станциясымен түйісу орындалды. Экипаж станция бортына өтті. Бірақ техникалық мәселелерге байланысты экипаж кері қайтты.

1987-1991 жылдары Владимир Шаталов Гагарин атындағы ғарышкерлерді даярлау орталығын басқарды.