Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде электр жарығының өшуі: Комиссия себептерін атады

0
1 028

25 қаңтарда Орталық Азия (Өзбекстан, Қырғызстан) энергия жүйесінде туындаған ақау салдарынан «Солтүстік-Шығыс-Қазақстанның оңтүстігі» 500 кВ электр энергиясы транзитіне арналған қуаттың төмендеуі орын алды.


Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде электр жарығының өшуі: Комиссия себептерін атады

ERNUR.KZ. «KEGOC» АҚ Қазақстанның оңтүстік өңірлерінің электр энергиясынан ажыратылу себептерін айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«2022 жылғы 25 қаңтарда Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 11:59-да Өзбекстан Республикасында қысқа тұйықталу салдарынан Сырдария ЖЭС-індегі 6 энергия блогы ажыратылып, генерацияның жиынтық шығыны 1500 МВт-тан асты. Өзбекстанның энергия жүйесінде пайда болған қуат тапшылығы Өзбекстан мен Қырғызстанның энергия жүйелерімен қатарлас жұмыс істеуге қосылған Қазақстанның энергия жүйесінен қуатты санкцияланбаған іріктеуге алып келді. Салдарынан 500 кВ «Қазақстанның Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» транзитіне қуат «шамадан тыс жиналуы» орын алып, жүктеме асып кетті. Энергетикалық жабдықтың бұзылуына және елдің оңтүстік облыстарының толық сөндірілуіне жол бермеу мақсатында автоматика әрекетімен Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстары оқшауланған жұмысқа ауыстырыла отырып, транзит бөлінді», - делінген компания ақпаратында.

«KEGOC» АҚ-ның аварияға қарсы автоматикасының дұрыс және уақтылы жұмысының арқасында республиканың оңтүстік облыстарындағы барлық электр станциялары жиынтық қуаты шамамен 1500 МВт тұтынушыларды электрмен және жылумен жабдықтауды жалғастыра отырып, жұмыс істеп тұрды.

Осылайша, Қазақстанның оңтүстік аймағындағы тұтынушыларды толық ажыратуға жол берілмеді. 500 кВ «Қазақстанның Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» транзиті бойынша қуаттың жеткізілуінің болмауына байланысты мәжбүрлі шектеулер шамамен 1800 МВт құрады.

Сол уақытта Өзбекстан мен Қырғызстанның энергия жүйелері барлық электр станциялары мен тұтынушылары ажыратыла отырып, толығымен өшті. Өзбекстанның энергия жүйесінде ажыратылған жүктеме шамамен 9600 МВт (тұтынудың 100%-ы), Қырғызстанда шамамен 2600 МВт (тұтынудың 100%-ы) құрады.

Желі схемасын жедел қалпына келтіру барысында сағат 14:45-те Қызылорда облысы бойынша барлық шектеулер алынып тасталды, 14:53-те Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша барлық шектеулер алынып тасталды. 16.00-ге қарай Қазақстанның оңтүстік облыстарының тұтынушыларын электрмен жабдықтау қалпына келтірілді.

Қазақстан БЭЖ-і тарапынан қалпына келтіру аясында Қырғызстан мен Өзбекстанның энергия жүйелеріне аталған елдердің электр станцияларына кернеу беру арқылы көмек көрсетілді, бұл оларға қалпына келтіру іс-шараларын бастауға мүмкіндік берді. Қырғызстанның энергия жүйесінің қалыпты режиміне оралуы шамамен бір тәулік уақытты қажет етті. Ағымдағы жылғы 27 қаңтар сағат 14:00-дегі жай-күй бойынша Өзбекстанның энергия жүйесі аварияны жоюды жалғастыруда.

«Апаттың цифрлық майнингті тұтынушылардың қызметімен байланысты емес екендігін айта кеткен жөн», - деп атап өтеді компаниядан.

Еске салайық, 25 қаңтарда (Нұр-Сұлтан уақытымен) Орталық Азия (Өзбекстан, Қырғызстан) энергия жүйесінде туындаған ақау салдарынан «Солтүстік-Шығыс-Қазақстанның оңтүстігі» 500 кВ электр энергиясы транзитіне арналған қуаттың төмендеуі орын алды.

Соның салдарынан Алматының бірнеше ауданында электр энергиясы өшіп қалды. Сондай-ақ Қызылорда облысында электр энергиясына байланысты іркіліс болды.

Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде жарық Жамбыл және Түркістан облыстарында да өшкені туралы жазылды.

Электр энергиясы Қазақстанмен қатар, Өзбекстанда және Қырғызстан елдерінде де өшті.

Осы оқиға байланысты ҚР Энергетика министрлігі электр энергиясын өшіру себептерін тексеру бойынша арнайы комиссия құрды.