Қазақстанның үш қаласында медқызметкерлер коронавирус жұқтырған

0
502

Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында коронавирус инфекциясы бір адамнан 2-7 адамға жұққан.


Қазақстанның үш қаласында медқызметкерлер коронавирус жұқтырған

ERNUR.KZ. Қазақстанның бірнеше өңірінде медицина мамандары коронавирус инфекциясын жұқтырған. Бұл туралы ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова айтып берді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Жаңа қаулыда медицина қызметкерлерінің инфекциялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету алгоритмі мен жұмыс жағдайына, науқастармен байланысқа қарай жеке қорғаныс құралдарын қолдану талаптары арнайы қосымшада бекітілді. Бұл тарау өте маңызды әрі өзекті, коронавируспен күресте алдыңғы шепте тұрған медициналық мамандарды қорғауымыз қажет», - деді бас санитарлық дәрігер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, еліміздің бірнеше өңірінде медициналық мамандар вирус жұқтырған.

«Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларында коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі бар топпен тікелей байланыста болған медицина қызметкерлерінің індет жұқтыру жағдайлары тіркелді», - деді А. Есмағамбетова.

Айта кетейік, Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырған 372 адам бар. 24 адам бұл аурудан емделіп шықты және 3 адам көз жұмды.

Бұған дейін А. Есмағамбетова коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандарды жерлеу алгоритмін түсіндірген еді. Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандардың 70% науқаспен байланыста болған.

Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында коронавирус инфекциясы бір адамнан 2-7 адамға жұққан.