Қазандағы қайғылы жағдайдан кейін Қазақстан мектептеріндегі қауіпсіздік мәселесі көтерілді

0
420

Депутат мектептердегі қауіпсіздік талаптарын қайта қарауды талап етті.


Қазандағы қайғылы жағдайдан кейін Қазақстан мектептеріндегі қауіпсіздік мәселесі көтерілді

ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаттары Қазан қаласындағы №175 мектепте болған қайғылы оқиғадан кейін Қазақстан мектептеріндегі қауіпсіздік мәселесін көтерді, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Қазанда болған қайғылы оқиға біздің мектептер мен мектепке дейінгі мекемелердің терроризмге қарсы қауіпсіздігі туралы заңнамадағы талаптарға назар аударуға мәжбүр ететі», - деді депутат премьер-министр Асқар Маминге.

Депутат мектептердегі күзет функциясын көбіне зейнет жасындағы вахтерлер орындайтынын, ниеті зұлым адам келсе, қарт күзетшінің оған қарсы тұра алатынына күмәнмен қарайтынын жеткізді.

Мәжіліс депутаттары оқушылардың сыйымдылығына қарамастан, білім беру нысандарының терроризмге қарсы қорғалу жүйесіне қойылатын талаптарды қайта қарауды талап етті:

  • дабыл беру жүйелері;
  • бейнебақылау және дабыл жүйелері;
  • күзет бекеттерінде арнайы оқытылған ЖБҚ қызметкерлері;
  • бақылау-өткізу пункттері;
  • металл детекторларын қосу.

Сонымен қатар, олар қоғамдық орындардағы күзетшілерге қару ұстауға рұқсат беруді және оларға мүліктік кешенді ғана емес, адамдардың қауіпсіздігін де қорғау міндетін жүктеуді; мектеп психологтары мен учаскелік инспекторлардың жұмысын күшейтуді; атыс қаруын алып жүруге, сақтауға рұқсат беруді бақылауды күшейтуді, лицензия беру жасын 18-ден 24 жасқа дейін өсіруді, қару-жарақ лицензиясын алу кезінде психикалық денсаулық пен есірткіге тәуелділікті тексеру үшін бақылаудың барабарлығын, қатаңдығын және жауапкершілігін арттыруды сұрады.

Еске сала кетейік, 11 мамырда Татарстан астанасы Қазан қаласындағы №175 мектепке қару асынған адам кіріп, оқушылар мен мұғалімдерге оқ жаудырған. Соңғы мәліметтер бойынша, атыс салдарынан 11 адам қаза тауып, зардап шеккен тағы бірнеше адам ауруханаға жеткізілген.