​"Хайп үшін емес": шенеунік 15 жастағы баланы неге кеңесші етіп алғанын түсіндірді

0
1 525

Қызылордалық шенеунік балаларды жемқорлыққа қарсы тәрбиелеу шараларын қызықты әрі сапалы етуді қолға алды


​

ERNUR.KZ. Қызылорда облысы бойынша жемқорлыққа қарсы департаменттің басшысы Абзал Мухимов агенттігіне 15 жастағы оқушыны неге кеңесші етіп тағайындағанын түсіндірді, деп жазады Sputnik Қазақстан.

1 наурызда Қызылордада 15 жастағы Дамир Бозаев мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысының штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды. Басылымдардың көпшілігі Дамирді Қазақстандағы ең жас шенеунік деп атаған.

Абзал Мухимов Sputnik Қазақстанагенттігіне айтқандай, оқушы департаментке қоғамдық жұмыс ретінде көмектесетін болады, сондықтан жалақы алмайды.

"Ол, әрине, мемлекеттік қызметші емес, жасы жеткен жоқ қой. Біз Дамирге қолқа салып, сабақтан тыс уақыты болғанда менің кеңесшім болуды өтіндік – жасөспірімдердің айналасына деген көзқарасы қандай, қазіргі оқушыларға не қажет екенін білгіміз келеді", - деп түсіндірді Мухимов.

Департамент қызметкерлері балалар мен жастарға жемқорлыққа қарсы тәрбие берумен айналысып жатыр, бұл жұмыс тиімді болуы үшін кей жайттарға жасөспірімнің көзімен қарау қажет. Осындай сәтте Дамирдің пікірі өте маңызды, деп санайды Мухимов.

Департаменттің алға қойған мақсаты – оқушылармен жұмыс істегенде ізденімпаздық пен жаңашылдық таныту.

"Балалар арасында керексіз, қызықсыз шаралар өткізгіміз келмейді, бәрін олардың қызығушылығына қарай ұйымдастыратын боламыз, - деп атап өтті Абзал Мухимов. – Қазір жастарға қызықты болу үшін Наурыз мейрамын қалай тойлау керектігі туралы Дамир Бозаевпен ақылдасқым келеді. "Скаут" жастар қозғалысына қолдау көрсету де ойымызда бар".

Желіде жүрген көптеген пікірге сүйенсек, Дамир Бозаевты департамент басшысы пиар үшін тағайындап отыр, ал оқушының өзі – байдың баласы.

"Шыны керек, бұл сөз ауыр тиді. Негізінде бұл хайп немесе атаққұмарлық емес. Оқушы-кеңесшінің неге керектігін айттым. Дамир қарапайым отбасыдан шыққан, қала шетіндегі Тасбөгет ауылында орта мектепте оқиды. Ақылды бала", - деп Мухимов сөзін түйіндеді.