Халық денсаулығы туралы кодекс президентке жіберілді

0
836

Заң жобасында медицина және фармацевтика қызметкерлерінің кәсіптік қызметіне араласуға тыйым салу және араласқаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.


Халық денсаулығы туралы кодекс президентке жіберілді

ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаттары "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекс жобасына сенат енгізген түзетулерді бірауыздан мақұлдады, деп жазады sputniknews.kz.

Бұған дейін сенат мәжіліс мақұлдаған халық денсаулығы туралы кодекс жобасына бірқатар түзету енгізіп, мәжіліске қайтарған болатын.

Сенат енгізген түзетулердің қатарында медицина қызметкерлерінің қылмыстық жауаптылығына қатысты норма бар. Қазақстан президенті ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында бұған сыни тұрғыдан талдау жасауды тапсырған еді.

Осыған байланысты құқық бұзушылықтардың кейбір санаты Қылмыстық кодекстен Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне ауыстырылды.

Сонымен қатар, дәрігер жасаған заң бұзушылықтар бойынша қылмыстық іс қозғау үшін арыз-шағымға өкілетті мемлекеттік орган жүргізген ревизиялар мен тексерістер актісін қоса ұсыну қажеттігін бекітетін норма енгізілді.

"Сенат енгізген өзгерістер мәжіліс мақұлдаған кодекс жобасының тұжырымдамалық мәнін өзгертпейді", - деді депутат Зәуреш Аманжолова мәжілістің жалпы отырысында.

Парламент қабылдаған кодекс жобасына сәйкес, қайтыс болған адам көзі тірісінде донор болуға келісетінін немесе келіспейтінін білдірмесе, онда оның органын алу үшін жұбайының немесе жақын туыстарының жазбаша рұқсаты алынады.

Бұдан бөлек, Қазақстан аумағынан адам ағзалары мен тіндері тек шетелде ем алып жатқан Қазақстан азаматына медициналық көмек көрсету үшін ғана шығарылады.

Сондай-ақ, заңнамаға "медициналық оқыс оқиға" ұғымы және оны айқындау механизмі енгізілді.

Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің кәсіптік қызметіне араласуға тыйым салу және араласқаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Мәжіліс мақұлдап, сенат қабылдаған заң президентке жіберілді.