"Халықаралық компания, алдамайды" деген Qnet-те қу-сұмның өзі болып шықты

0
1 186

Оның арбауына 220 қазақстандық түсіп үлгерген. Онда да бұл - ресми органға арызданғандары бойынша цифр.


ERNUR.KZ. Елімізде 220 адам Qnet-ке алданған. Ішкі істер министрлігі бүгінгі таңда бұл алаяқтық фактісін тексеріп жатыр. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов мәлімдеді, деп жазады zakon.kz.

"Qnet-ке қатысты бас кеңсе Малайзияда орналасқанын айта кетейін. Бұл желілік маркетингті білдіреді, онда адамдар әртүрлі зергерлік бұйымдарды сатумен айналысады. Бастапқы салым - $30. Қазіргі уақытта 211 азаматтан шағым-арыз тіркелді. Жалпы, республика бойынша осы бағытта 29 қылмыстық іс тергеліп жатыр", - деді ол.

Жалпы алғанда, Алматы облысы бойынша полиция департаментінің тергеу басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы "Қаржы (инвестициялық) пирамидаларын құру және басқару" бойынша Qnet компаниясы өкілдеріне қатысты 20 қылмыстық істі тергеп жатыр. Жәбірленуші деп 220 адам танылды. Белгіленген материалдық залалдың мөлшері 160 миллион теңгені құрайды. Тергеу шаралары белсенді түрде жүргізіліп жатыр.

"Халықаралық тергеу комиссиясы Малайзия Корольдігіне жіберілді. Қылмыстық істің нәтижелері туралы қосымша хабарлаймыз", - дейді Әділов.