Халықтың несиесін кешіру бойынша Президенттің тапсырмасы қашан жүзеге асады?

0
1 079

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет азаматтардың 300 мың теңгеге дейінгі қарызын өтеп береді.


Халықтың несиесін кешіру бойынша Президенттің тапсырмасы қашан жүзеге асады?

ERNUR.KZ. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың қарыз жүктемесін төмендетуге қатысты шараны тиісті деңгейде орындауды тапсырды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Төлем қабілеті төмен азаматтарға қатысты қарыз жүктемесін төмендету бағытындағы жұмыстар қалай жүріп жатыр?», - деп сұрады Мемлекет басшысы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтан.

«Ағымдағы жұмысты Үкіметпен бірге 2 блокқа бөлдік. Бірінші блокта біздің қолдаумен қамтылған топқа қатысты мәліметті салыстыру жұмыстары ескерілген. Осы мәліметтер базасын салыстыру бойынша жұмыстар ағымдағы аптада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен аяқталады. Алдағы аптадан бастап шілденің аяғына дейін екінші деңгейлі банктермен және микроқаржылық ұйымдармен, сондай-ақ Проблемалық несиелер қорымен шарттар бекітіледі. Біздіңше, 1 қыркүйекке дейін банктерге қатысты қажетті төлемдер аяқталады. Айыппұл және өсімпұлға байланысты мәселелерді 1 тамызға дейін шешеміз», - деді Е. Досаев.

Президент бұл жұмыстарды Үкімет, Президент Әкімшілігі тұрақты бақылауда ұстауы керектігін тапсырды.

«Біз осы акция туралы жарияладық. Атап айтқанда, бұл акция бір жолғы сипатқа ие. Алдағы уақытта осы тектес шаралармен әуестене алмаймыз, оған құқығымыз жоқ. Дегенмен, халыққа жариялаған бастаманы дер кезінде әрі сапалы орындауымыз керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет азаматтардың 300 мың теңгеге дейінгі қарызын өтеп береді.