ХҚКО-нан мемлекеттік қызметтерді саусақ іздері арқылы алуға болады

0
1 616

Осы жылдың қараша айынан бастап, ХҚКО-да саусақ іздерін қалдыру арқылы мемлекеттік қызметтерді алуға болатын пилоттық жоба жүзеге аспақ


ХҚКО-нан мемлекеттік қызметтерді  саусақ іздері арқылы алуға болады

фото:Baq.kz

ERNUR.KZ. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов осы жылдың қараша айынан бастап, ХҚКО-да саусақ іздерін қалдыру арқылы мемлекеттік қызметтерді алуға болатынын айтты, деп жазады Baq.kz.

Оның айтуынша, жоба пилоттық негізде жүзеге асырылады.

«Қазіргі таңда біз техникалық құралдарды дайындап қойдық. Тиісті құжаттар қабылдағаннан кейін бір-екі айдың ішінде яғни қараша айында пилоттық жобаны іске қосамыз. Яғни азаматтар жеке фотосы тапсырып, (ХҚКО-дағы -автор) арнайы құрылға саусақ іздерін қалдыру арқылы электронды үкімет порталындағы мемлекеттік қызметті алуға мүмкіндік беріледі», - деді басшы.

Абылайхан Оспановтың айтуынша, жаңадан енгізілген отырған қызмет түрінде азаматтардың екі параметрі есепке алынады. Ол – саусақ іздері және адамның суреті.

«Осыған дейін елімізде «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заң жобасы қабылданды. Ол бойынша азаматтар 2021 жылдан бастап, биометриялық ақпаратты ( саусақ іздерін – автор) міндетті түрде тапсыруы қажет. Алайда 2021 жылға дейін азамат өз еркімен биометриялық ақпаратын (саусақ іздерін – автор) бізге өз еркімен қалдырғысы келсе, жоғарыда аталған қызметті тұрғындар пайдалана алады. Сондай-ақ жұмыс барысында қиындықтар туындамаса, пилоттық жобаны 2019 жылдың қаңтар айынан кеңінен іске қосқалы отырмыз», - деді төраға.

Оның айтуынша, пилоттық жобаға мемлекеттен қаржы бөлінбейді. Ол мемлекеттік жеке меншік серіктестік негізінде жүзеге асырылады.

Сонымен қатар Абылайхан Оспанов жаңа қызметті енгізу барысында Үндістан, Франция, Эстония, Қытай, Сингапур сынды мемлекеттердің тәжірибесі ескерілгенін атап өтті.