ХҚО-лар көпбалалы аналарды демалыс күндері де қабылдайды

1
982

Халыққа қызмет көрсету орталықтарына өтінішпен кеп жатқандардың легі көп болуына байланысты құжаттарды қабылдау және тіркеу 1 сәуірге дейін алдағы демалыс күндері де жүзеге асырылады.


ХҚО-лар көпбалалы аналарды демалыс күндері де қабылдайды

ERNUR.KZ. Ел өңірлеріндегі Халыққа қызмет көрсету орталықтары алдағы сенбі және жексенбі күндері демалыссыз жұмыс істейтін болады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған арнайы көмекті алу үшін жер-жерде тіркелу жүріп жатқаны белгілі.

«Халыққа қызмет көрсету орталықтарына өтінішпен кеп жатқандардың легі көп болуына байланысты құжаттарды қабылдау және тіркеу 1 сәуірге дейін алдағы демалыс күндері де жүзеге асырылады. Сондай-ақ ұзын-сонар кезек қалыптаспау үшін жер-жердегі ХҚО-ларда миграциялық қызмет өкілдерінің саны көбейтілді. Тұрғылықты жерге тіркелу және жеке куәліктерді рәсімдеу бойынша азаматтардан құжаттарды қабылдау күн сайын 9.00 ден 20.00-ге дейін жүргізіледі» - делінген министрліктің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.

Айта кетейік, Елбасы биыл «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын кеңейтуді тапсырды. Кейін, әлеуметтік саясатты жүзеге асыру мәселелеріне арналған кеңес барысында Н.Назарбаев табысы аз азаматтар мен көпбалалы отбасылар әлеуметтік көмекті 1 сәуірден бастап алуы тиістігін атап өтті.

«Көмекке аса мұқтаж табысы аз азаматтар, көпбалалы отбасылар биылғы 1 сәуірден бастап әлеуметтік көмекті алуы тиіс» - деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев аталмыш кеңесте.