Хромтаудағы жарылыс: Еңбек министрлігі арнайы комиссия құрды

0
1 853

Жазатайым оқиға ағымдағы жылғы 30 желтоқсан күні кешке жарылыс жұмыстарын орындау кезінде орын алды.


Хромтаудағы жарылыс: Еңбек министрлігі арнайы комиссия құрды

ERNUR.KZ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ақтөбе облысының Хромтау ауданындағы «Весенне-Аралчинский» жерасты кенішіндегі нәтижесінде төрт адам қаза тапқан топтық жазатайым оқиғаның мән-жайын тексеру үшін комиссия құрды, деп жазады baq.kz.

Жазатайым оқиға ағымдағы жылғы 30 желтоқсан күні кешке жарылыс жұмыстарын орындау кезінде орын алды. Оқиға құрбандары «Ақтөбе Мыс компаниясы» ЖШС қызметкерлері: тау-кен шебері Асхат Қайқанов, жарушылар Рустам Шәметов пен Денис Черный, жүргізуші Берік Жақыпов болды.

Өлімнің болжамды себебі – көміртегі тотығымен улану. Кеніштегі жұмыстар тоқтатылды, қызметкерлер жер бетіне шығарылды.

Болған оқиғаның мән-жайын анықтау үшін кенішке Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Сәлімгерей Бекбергенов, Хромтау ауданының әкімі Нағымжан Алдияров, Ақтөбе облысының Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының және Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің басшылары келді.

Топтық жазатайым оқиғаның мән-жайлары мен себептерін тексеру үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ақтөбе облысы бойынша бас мемлекеттік еңбек инспекторы Саламат Аманбаевтың төрағалығымен арнайы комиссия құрды.

Комиссия құрамына сондай-ақ ҚР Еңбекмині Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің еңбек жағдайларын бақылау және еңбекті қорғау басқармасының бас сарапшысы Рустам Рамазанов, ҚР ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Самат Таждавлетов, ҚР ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті тау-кен металлургия өнеркәсібі және жарылыс жұмыстарын мемлекеттік қадағалау бөлімінің бас маманы Нұрсерік Сәрсенбаев кірді. Жұмыс берушінің өкілі – «Ақтөбе Мыс компаниясы» ЖШС Бас директорының орынбасары Анжелика Шипилова, ал еңбек ұжымының өкілі – Қуанышбек Жанаисов болды.

Тексеріс нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады.