ХВҚ мен Дүниежүзілік банк 2023 жылы Қазақстанның қаржы секторына бағалау жүргізеді

0
407

Оған дайындық жұмыстарының қорытындысын кезекті отырыс барысында қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңес мүшелері талқылады.


ХВҚ мен Дүниежүзілік банк 2023 жылы Қазақстанның қаржы секторына бағалау жүргізеді

ERNUR.KZ. Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңес 2023 жылы ХВҚ және Дүниежүзілік банк тарапынан жүргізілетін "Қазақстанның қаржы секторын бағалау бағдарламасына" дайындық жұмыстың нәтижелерін талқылады, деп жазады stan.kz.

2023 жылы ХВҚ мен Дүниежүзілік банк ҚР қаржы секторына бағалау жүргізеді. Оған дайындық жұмыстарының қорытындысын кезекті отырыс барысында қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңес мүшелері талқылады.

"ХВҚ мен Дүниежүзілік банк "Қаржы секторын бағалау бағдарламасын" (Financial Sector Assessment Program, FSAP) қаржы секторының даму әлеуеті бойынша халықаралық қаржы жүйесінің жай-күйіне мониторингті нығайту мақсатында өткізеді. Бұл жұмыстар қаржы секторының тұрақтылығы мен сенімділігі сияқты екі негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылады", - деді мамандар.

Талқылау қорытындысы бойынша кеңес мүшелері Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық Банк ұсынған FSAP миссиясының құрылымы мен кестесін, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдардың қатысу қажеттілігін мақұлдады. Айта кетейік, FSAP соңғы рет Қазақстан бойынша 2014 жылы өткізілді.

Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңесі қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге жәрдемдесу мақсатында қаржы секторының өзекті мәселелерін талқылау жөніндегі өз жұмысын жалғастырады.