ҚХА блогерлер арасында конкурс жариялады

0
1 369

Әлеуметтік желі қолданушыларының арасында конкурс жарияланды


ҚХА блогерлер арасында конкурс жариялады

ERNUR.KZ. Қазақстан Халқы Ассамблеясы «Тәуелсіз Қазақстанның дамуына қосқан менің үлесім» тақырыбы бойынша әлеуметтік желі қолданушыларының арасында конкурс жариялады, деп жазады Вaq.kz.

«Тәуелсіз Қазақстанның дамуына қосқан менің үлесім» тақырыбы бойынша әлеуметтік желі қолданушыларының жарияланымдары конкурсының
ЕРЕЖЕСІ

I. Жалпы ережелер
1. «Тәуелсіз Қазақстанның дамуына қосқан менің үлесім» - «Мой вклад в развитие независимого Казахстана» тақырыбына әлеуметтік желілер қолданушыларының жарияланымдарының конкурсы (бұдан әрі - Конкурс) Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық сананы жаңғыртуға, қазақстандық патриотизмді нығайтуға байланысты жобаларға қатысуының жиынтық жоспарының 37-тармағына сәйкес өткізіледі.
2. Конкурстың құрылтайшысы – Қазақстан халқы Ассамблеясы.
3. Осы Ереже Конкурсты өткізу тәртібі мен оның жеңімпаздарын іріктеудің критерийлерін анықтайды.

II. Конкурстың мақсаты
4. Конкурс Қазақстан халқының қоғамдық келісімі мен жалпыұлттық бірлігін, патриотизмді нығайтуға, интернет-кеңістігінде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының қызметін насихаттауға бағытталған.

III. Посттың тақырыбы, мазмұны
5. Постта жетістіктер, қызықты бастамалар мен жаңалықтар туралы жазылуы тиіс; азаматтық ұстанымын көрсету және айналаға позитив таратып, өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленуі тиіс.
6. Постты жарияланымның тақырыбына сәйкес келетін фотосуретпен, бейнесюжетпен сүйемелдеуге болады. Постты бағалау кезінде мәтіннің мазмұнына, оның көркемдік-стилистикалық құндылығына мән берілетін болады.
7. Тиісті тақырыптағы посттар мемлекеттік және орыс тілдерінде жариялануы мүмкін.
8. Осы Ереженің талаптарына сай келмейтін жарияланымдарды қазылар алқасы қарастырмайды.

IV. Постты орналастыру, хэштегін көрсету
9. Пост Instagram, Facebook.com, vk.com әлеуметтік желілерінде орналастырылады. Конкурсқа қатысушы өз мақаласында міндетті түрде Қазақстан халқы Ассамблеясының және «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының аккаунттарын (ҚХА – assembly.kz; РЖҚ – @jangyrujoly) және #JANGYRUJOLY хэштегін көрсетуі қажет.

V. Конкурсты ұйымдастырушы

10. Конкурсты ұйымдастырушы – Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі.
11. Конкурсты ұйымдастырушы осы Ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізеді, қазылар алқасының құрамын, өтінімдерді бағалау жүйесі мен өлшемдерін бекітеді, конкурстың қорытындысын шығарады.
12. Ұйымдастырушы www.assembly.kz сайтында Конкурсты жариялау туралы ақпаратты орналастырады, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы оның нәтижелері туралы хабарлайды.
13. Ұйымдастырушы Конкурс жеңімпаздарын анықтау мақсатында қатысушылардан қосымша ақпарат сұратуға құқылы.
14. Лүпілдер (лайктар), пікірлер (комментарийлер) мен посттың таратылуын есептеуден басқа, посттардың мазмұнын бағалауға оның стилистикасы, көркемдеу құралдары мен композициясы тұрғысынан қарайтын сарапшылар тартылатын болады.
15. Конкурстың жеңімпаздарын қазылар алқасы анықтайды.

VI. Конкурсқа қатысушылар

16. Конкурсқа 35 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады.

VII. Конкурстың басталуы, өткізу мерзімі, қорытындысын шығару

17. Конкурс 2018 жылғы 8 қазанда Павлодар қаласындағы Достық үйінде өтетін «PRодвигай себя» атты өзін-өзі алға ілгерілету, маркетинг және пиар жасауға үйрету тренингінде басталады.
18. Қазылар алқасы Қазақстан халқы Ассамблеясының, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының (ҚХА – assembly.kz, РЖҚ - @jangyrujoly) аккаунтарымен, #JANGYRUJOLY хэштегімен жарияланған посттарды қарайды.
19. Конкурс жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі Астана қаласында 2018 жылғы қараша айында өтеді.