Үкіметте 2018 жылға арналған Әлеуметтік-экономикалық даму және бюджет параметрлерінің болжамы мақұлданды

0
1 345

2018 жылы мұнайдың болжамды бағасы бір барреліне $45-дан $55 дейін ұлғайды. Металлдардың баға индексі 0,4% артты.


Үкіметте 2018 жылға арналған Әлеуметтік-экономикалық даму және бюджет параметрлерінің болжамы мақұлданды

фото: primeminister.kz

Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында 2018–2022 жылдарға арналған ҚР әлеуметтік-экономикалық дамуының нақтыланған болжамының және 2018 жылға арналған республикалық бюджет параметрлерінің жобасы мақұлданды,-деп хабарлайды ERNUR.KZ primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов пен қаржы министрі Бақыт Сұлтанов 2018 жылға арналған негізгі макро көрсеткіштер мен бюджет параметрлері туралы баяндама жасады.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2017 жылы атаулы ЖІӨ 52,4 трлн теңге деңгейінде бағаланғанын атап өтті. Ол 558 млрд теңгеге ұлғайған. Нақты өсім 4% құраған. 2018 жылғы қаңтар-ақпанда экономиканың өсімі 4% құрады.

2018 жылы мұнайдың болжамды бағасы бір барреліне $45-дан $55 дейін ұлғайды. Металлдардың баға индексі 0,4% артты.

«2017 жылғы нақтыланған базаны есепке ала отырып, 2018 жылы атаулы ЖІӨ 57,2 трлн теңге көлемінде болжанады. Бұл тамызда мақұлданған көрсеткіштен 1,3 трлн теңгеге артық. Нақты ЖІӨ 3,8% деңгейінде күтілуде (еск. – бұған дейін 3,1% болжанды). Жан басына шаққандағы ЖІӨ $9 200 дейін ұлғаяды», — деді ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.

Бұдан өзге, өнеркәсіптің өсуі 3,3% дейін артуымен қайта қарастырылды. Бұл өңдеу өнеркәсібінің күтілетін аса жоғары өсімімен — 5,1% байланысты.

Сондай-ақ, Энергетика министрлігінің болжамдары бойынша 2018 жылы мұнай өндіру көлемі 87 млн тоннаны құрайды. Мұнайдың әлемдік бағаларының ұлғаюын және экономиканың өсімін ескере отырып, экспорт $54 млрд дейін, ал импорт $34 млрд дейін артады.

Инфляция бұған дейін бекітілген 5–7% дәлізінде сақталады.

Түзетілген макроболжам негізінде 2018 жылға арналған республикалық бюджет параметрлерінің болжамы нақтыланды.

«Кірістер (трансферттерді есепке алмағанда) 2018 жылы 5,7 трлн теңге көлемінде бағаланады. Бұл бекітілген жоспарға қарағанда 190 млрд теңгеге жоғары. Ұлттық қорға түсімдер болжам бойынша 546 млрд теңгеге ұлғайып және 2,6 трлн теңгені құрайды», — деді Тимур Сүлейменов.

Жыл соңына Ұлттық қордың валюталық активтері $58,3 млрд көлемінде болжанып отыр. Бұл ЖІӨ-ге қатысты 34,7% құрайды.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, өз кезегінде, биылғы жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы Заң жобасын таныстырды, ол Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауларында және Президенттің 5 әлеуметтік бастамасында берген тапсырмаларын іске асыруға бағытталған.

2018 жылға арналған республикалық бюджеттің бекітілген көрсеткіштерін нақтылауға елдің өзгертілген макроэкономикалық көрсеткіштер болжамы негіз болды.

Осылайша, республикалық бюджет түсімдері 181,4 млрд теңгеге ұлғайтылып, 8 759,7 млрд теңгені құрады. Бұл негізінен мұнай бағасы мен өндіру көлемінің ұлғаюы нәтижесінде мұнайға экспорттық кедендік баждарынан салынған түсімдер есебінен болды.

2018 жылға арналған республикалық бюджет шығыстары 417 млрд теңгеге ұлғайып, 9 643 млрд теңгені құрайды. Осы қаражат көлемінен 292,5 млрд теңге Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» және «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауларын іске асыруға бағытталатын болады.

«Мұғалімдердің жалақысын 30-дан 50%-ке көтеруге 61,8 млрд теңге бөлінеді, білім беру тапсырысын 20 мың грантқа ұлғайтуға 5 млрд теңге бөлу ұсынылады. Мүгедектер күтімімен айналысатын адамдарға жаңа жәрдемақы беруге – 2,7 млрд теңге; ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуге қосымша 30,9 млрд теңге бағытталатын болады», — деді Бақыт Сұлтанов.

Бұдан өзге, бюджет жобасында Президенттің тапсырмалары мен бұрын қабылданған міндеттемелер бойынша жалпы сомасы 99,4 млрд теңгені құрайтын шығыстар ескерілді. Бақыт Сұлтанов аталған қаражаттар аясында Астана (25 млрд теңге) және Алматы (10,7 млрд теңге) қалаларын одан әрі дамыту, әскери қызметшілерді тұрғын-үймен қамтамасыз ету (18,7 млрд тенге) бойынша іс-шаралар мен жобалар қаржыландырылатынын айтты.