Қоғамдық қор қаражатына алынған 500-ден астам оттегі концентраторы Алматыға жеткізілді

0
769

Республикаға Қор есебінен барлығы 4 мың оттегі концентраторы жеткізіледі.


Қоғамдық қор қаражатына алынған 500-ден астам оттегі концентраторы Алматыға жеткізілді

ERNUR.KZ. «Шұғыла» қоғамдық қоры бастамашы болған қайырымдылық жүгі Алматыға келді. Қытайдың Гуанчжоу қаласынан 4 мың оттегі концентраторын сатып алған қор алғашқы 543 қондырғыны өткен түні Алматы халықаралық әуежайына әкелді, деп жазады Azattyq Rýhy.

Аталған қорға шілденің алғашқы күндерінен бастап жарты миллиард теңгеге жуық қаражат жиналған. Қор жетекшісі Сәрсенбек Иманбаевтың айтуынша, оттегі концентраторларын сатып алуға қарапайым адамдардан бастап, ірі кәсіпкерлер, қаржы институттары, өнер және қоғам қайраткерлері атсалысқан.


«Әсіресе, вице-премьер Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов ерекше қолдау білдірді. Ұшақ беру, ұйымдастыру, рұқсат қағаздарын тез рәсімдеуге көмектескенін атап айтқым келеді. Министрліктерден, соның ішінде Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой да атсалысты. Бұл жерде кәсіпкерлер болсын, қарапайым адамдар болсын, ешкім қарап қалмады, бәрі атсалысты десем болады», - дейді С. Иманбаев.

Қоғам белсенділері, эстрада әншілері де халық арасында, әлеуметтік желіде белсенді түрде үгіт-насихат жүргізген. Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық кеңесінің мүшесі Қайрат Жолдыбайұлының айтуынша, оттегі концентраторларының екінші партиясы 26 шілде күні Атырау қаласына жеткізіледі.

«Елдегі оттегі жетіспей жатқан науқас адамдарды көріп, жүрегіміз ауырды. Бүкіл жанашыр адамдарға үндеу жолдадық. Сол үндеудің нәтижесінде ауыл-ауылдан, шалғайдағы елдімекендерден халық жиналып, жаппай ақша аударды. Біз Гуанчжоудағы әлемдегі ең мықты деген үштікке кіретін компанияны таңдап, сол жерден жиналған қаражатқа 4 мың дана оттегі концентраторына тапсырыс бердік. Осы үлкен іс-шараға атсалысқан жанашыр азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Бұл оттегі консентраторлары оттегі жетпей жатқан, демігіп жатқан азаматтарға өте пайдалы құрылғы. Осы қондырғының арқасында көп азаматтар жансақтау бөліміне жетпей айығып, жазылып кетеді», - деді Қ. Жолдыбайұлы.




Енді ұйымдастырушылар бұл аппараттардың ауруханаларға жеткізілуін қадағалайды. Ол үшін қор алдын ала тізім жасап, тиісті медициналық мекемелердің тапсырыстары мен арнайы хаттарын қолына алған. Қондырғылардың қолды болып кетпеуін, оның нақты мұқтаж жандарға жетуін қамтамасыз ету үшін ақылдастар кеңесі мен арнайы комиссия жұмыс істейді.