Қойшы 500 мың теңге алып, броконьерлердің қылмысын мойнына алған

0
3 706

Инспекторлардың браконьерлерге оқ атуға неге қорқатыны белгілі болды.


Қойшы 500 мың теңге алып, броконьерлердің қылмысын мойнына алған

Иллюстрациялық фото: ашықдереккөзден

ERNUR.KZ. «Оxотзоопром» РМКК бас директоры Ерзат Әлзақов браконьерлердің қылмыстық жауапкершіліктен қалайша құтылып кететінін айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, браконьерлер заңнан мүлдем қорықпайды. Бүгін бір қылмыскерге қатысты сот шешімі шықса, ертең-ақ ол браконьер киіктерді аулауға қайта шығады.

«Біз оны ұстап алдық. Ал оның машинасында содан үш күн бұрын шыққан соттың шешімі жатыр. Масқара ғой. Тура сол көлікте, тура сол жерде, тура сол атылған киіктермен. Ал сот үш күн бұрын болған. Міне, браконьерлердің заңнан қалай «қорқатынын» осыдан-ақ көруге болады. Заңды күшейту керек. Басқасын алып тастап, тек бас бостандығынан айыруды ғана қалдырған дұрыс. Сонда тәртіп болады», - деді Е.Әлзақов Парламент Мәжілісінде өткен «дөңгелек үстелде».

Мекеме басшысының сөзіне қарағанда, бір ретте инспекторлар үш браконьерді ұстаған. Бәрін тәркілеп, қылмыскерлерді де, тиісті құжаттарды Алматы облысы Ұйғыр аудандық ішкі істер департаментіне тапсырған.

«Содан бастап бізді куәгер ретінде ешкім шақырған да жоқ. Қылмыстық істің сотқа кеткенін бір-ақ білдік. Ал жауапқа мүлдем бөтен төртінші адам тартылды. «Ол қалай?» дедік. Прокурорға да, судьяға ол адамның браконьерлікке еш қатысы жоқ екенін жеткіздік. Қылмыс жасағанда оны ешкім көрген де жоқ. Сөйтсек, жергілікті қойшы ма, бақташы ма, оған 500 мың теңге берген де, сотта жауапкершілікті өз мойныңа аласың деген. Сонда анау үшеуі жазадан құтылып кетті. Ал қылмысқа еш қатысы жоқ адам жауапқа тартылды», - деп атап көрсетті Е.Әлзақов.

Айта кетейік, бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі браконьерлермен күрес саласындағы заңбұзушылықтарды жариялады. Қылмыскерлерге құқық қорғаушылар ғана емес, сараптама жасайтын мамандар да көмектесіп жатады. Сондай-ақ, мамандар инспекторлардың браконьерлерге оқ атуға неге қорқатынын түсіндірді.